Тарифті инвестицияға айырбастау бағдарламасы аясында ешбір олигархқа жағдай жасалмайды - Скляр

Жарияланды (жаңартылды )

Фото: kursiv.media

Қазақстан электр-жылу жүйесінің тозығы жетіп тұрғанына ЖЭО-лардағы жыл сайын орын алатын апаттар дәлел. Осы орайда Үкімет жылу жүйелері мен ЖЭО-ның жағдайын тарифті инвестицияға айырбастау бағдарламасы арқылы жөндемек. Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярдың мәлімдеуінше, үкімет бұл бағдарламамен ЖЭО иелерінің жағдайын жасайын деп отырған жоқ. Сонымен қатар Скляр биыл қыста қазақстандықтар жылусыз қалмайды деп сендірді.

«Мен кепіл боламын. Екібастұз ЖЭО-сын алайық. Ол кезде көптеген БАҚ жазғандай коллапс, апат емес, «техникалық ақау» болған. Жаңа құрылғы істеп шыққанымен, станцияның қоры болған, ол бірден іске қосылды. Былтыр 35 гигакалорий беріп тұрса, биыл ол көрсеткіш 100 гигакалорийге дейін өсті», – деді ол.

Премьер-министрдің орынбасары жөндеу жүргізілген нысандар кейбір ақауға қарамастан, толық жұмыс істеп тұрғанын айтады.

«Кейбір техникалық ақауларға қарамастан, ЖЭС-тер штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Жылу желісі, ЖЭС пен күрделі жөндеуге биыл салған қаржымыздың нәтижесі байқалады. Біз бәрін барып тексердік, көрдік. Сондықтан қуат көздері мен жылу желідерінің сенімділігі былтырға қарағанда әлдеқайда жоғары», – деді ол.

Роман Скляр Екібастұз ЖЭО-сын жөндеуге үкімет резервінен 7,4 млрд теңге бөлінгенін айтып өтті.

«Екібастұз ЖЭО-сы 10 қазандықтан тұрады, біз бес қазандықты мемлекет меншігіне алып, оларды жөндеуге үкімет резервінен 7,4 млрд теңге бөлдік. Бүкіл қазандықты мемлекет қарауына алсақ болар еді, бірақ меншік иесі оның дамуына 10 млд теңге инвестиция салды», – деді ол.

Ал Көкшетау ЖЭО-сын жөндеуге үкімет 2 млрд теңге бөлген. Топар ГРЭС-іне иегерлері 6,3 млрд теңге инвестицияласа, Степногор қаласындағы жылу электр орталығының акционерлері тарифті инвестицияға айырбастау бағдарламасы аясында 4,8 млрд теңге салған. Сондықтан Скляр жекенің қолындағы орталықтарға мемлекет қаржы салмайтынын мәлімдеді.

Сонымен қатар, биыл 499,7 км жылу желісін жөндеуге мемлекет бюджетінен 175 млрд теңге жұмсалған.

Журналистер Склярдан «ЖЭО иелері-олигархтар осы уақыта дейін пайдаға кенеліп, енді ЖЭС-терді жөндеуге кеткен қаржыны тарифтің қымбаттауы есебінен неге халық төлеуі керек» деп сауал қойды. Склярдың айтуынша, ЖЭО иелері жоғары табыс тауып жатыр деуге негіз жоқ.

«Тарифті инвестицияға айырбастау бағдарламасы аясында қандайда бір олигархқа жағдай жасап отырған жоқпыз. Қатаң қадағалауды ашық жүргіземіз. Бұл жерде ешқандай құпия жоқ, құпия ақпарат емес», – деді ол.

Сонымен қатар ол тариф қалай қалыптасатынын түсіндіріп өтті.

«Тариф көп құрамдас бөліктен қалыптасады. Оның ішінде ең бірінші жағылатын көмірдің ақысы бар. Көмір бағасы жылдан жылға қымбаттап келе жатқанын белсіздер. Оның құрамында сол салада жұмыс істейтін кәсіби мамандардың жалақысы бар. Бүкіл қаланы жылумен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорындағы жауапкершілігі мол жұмысқа мамандар аз жалақыға жұмыс істемейді. Оған қоса кәсіпорынның ірілі-ұсақты шығыны бар. Осының бәрі жиналып келіп тарифті құрайды», – деді ол.

Айта кетейік, 8 желтоқсанда Степногорск қаласы жартылай жылусыз қалды. Онда жылу құбырлар жүйесінде апат болған.   

Ал 10 желтоқсан күні «ЕкібастұзЖылуЭнерго» ЖШС Екібастұз жылу электр орталығында апат болғанын хабарлады. Станцияның күл шығаратын құбырынан ақау шыққан болатын.

Ертесі күні Энергетика минитрлігі барлық ЖЭО-лардағы ақаулар жойылып, штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз