Мұнай бағасы өссе, Ұлттық қордан балаларға төленетін қаражат та өседі

Жарияланды

Мұнай бағасы «Ұлттық қор- балаларға» жобасына әсер ете ме/kursiv.media

Мұнайдың бағасы өссе, Ұлттық қордан балаларға төленетін қаражат та өседі. Бұл туралы Қаржы министрлігі Бюджеттік кредиттеу, Ұлттық қор және қаржы секторы мәселелері жөніндегі өзара іс-қимыл департаментінің директоры Айбол Арғынғазин айтты.

Департамент директорының түсіндіруінше, мұнай бағасының өсуі мен
Ұлттық банктің инвестициялық табысының еселенуі Ұлттық қордан балалардың шотына аударылатын ақшаның артуына ықпал етеді.

«Ұлттық қорға түсетін кірістің бірнеше көзі бар. Оның басым бөлігі шикізат пен
минералды өнімдердің экспортынан түседі. Бұл Салық кодексінде көрсетілген. Мұнайдан, жалпы металлургиялық өнім экспортынан түсетін табыс артқан сайын, Ұлттық қордың кірісі артады деуге негіз бар», – деді Айбол Арғынғазин.

Оның айтуынша, Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің ұлғаюына Ұлттық банктің табысының артуы оң әсер етеді.

«Ұлттық қордың кірісі инвестициялық операциялардың қалай басқарылғанына байланысты болады. Бұл операциялардың барлығын Ұлттық банк жүргізеді. Ұлттық қор үкіметтің иелігінде болғанмен, Ұлттық банкке сенімгерлік басқаруға берілген. Оның барлық кірісіне, табысы қандай деңгейде болғанына, активтері қандай инвестиция құралдарына салынғанына Ұлттық банк жауап береді», – деді Айбол Арғынғазин.

Еске сала кетер болсақ, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы бойынша есепшоттағы қаражат балаларға доллармен берілетіні айтылған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 29 маусымда Қазақстан Республикасы Ұлттық қорындағы қаражаттың бір бөлігін қазақстандық балалардың есебіне төлеу жөніндегі жарлыққа қол қойды. Ал қыркүйекте Мәжіліс Ұлттық қордан балаларға төлем жасау заңын қабылдаған.

Сондай-ақ оқыңыз