Ауыл тұрғындарына шағын несие беруге тағы 100 млрд теңге бөлінеді
Ауыл тұрғындарына шағын несие беру үшін 100 млрд теңге бөлініп, соның арқасында 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылуға тиіс. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтары иегерлерін марапаттау рәсімінде айтты.
«Ауылды дамыту – түптеп келгенде, бүкіл Қазақстанды дамыту деген сөз. Сондықтан биыл біз «Ауыл аманаты» жобасын бастадық. Ауыл тұрғындарына шағын несие беру үшін 100 миллиард теңге бөлінеді. Соның арқасында 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Келесі жылдан бастап бизнесті дамытуға арналған бірыңғай кешенді бағдарлама қолға алынады. Болашағы бар шағын және орта бизнеске басымдық беріледі. Яғни мемлекет өндірістік қабілеті жоғары және экспортқа өнім шығаратын кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді», – деді Тоқаев.
Президент ауылдағы бизнес өкілдеріне қолдау көрсету азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі екенін айтты.
«Үш жылда агроөнеркәсіп кешеніндегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу қажет. Осы саланың импортқа тәуелділігін азайту үшін ірі инвестициялық жобалар қолға алынып жатыр», – деді президент.
Ол алдағы уақытта сүт өнімдерін шығаратын 115 ферма, 15 ірі құс фабрикасы іске қосылатынын айтты.
Айта кетейік, Үкімет бастаған «Ауыл аманаты» жобасына 2023 жылы да 100 млрд теңге бөлінген. Алайда әкімдіктер бұл қаржының тең жартысын ғана игергенін жазған едік.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл тұрғындарына 5-7 жылға 2,5 проценттік үстемемен микронесиелер ұсынылады. Жобаға қатысу жолдары туралы шолу жасаған едік.