«Ұлттық қор – балаларға»: 2024 жылы 200 мыңнан астам азамат ақша шығарып ала алады
2024 жылы 200 мыңнан астам бала 18 жасқа толып, «Ұлттық қор – балаларға» жобасынан өз қаражатын шешіп ала алады. Бұл туралы Астанада өткен брифингте Қаржы министрлігі Бюджеттік кредиттеу, Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры және қаржы секторы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл департаменті директоры Айбол Арғынғазин айтып берді.
Оның айтуынша, қазіргі таңда келер жылы қаражатын шешіп ала алатын азаматтар жайлы деректер қаралып жатыр.
«Барлық ақпарат автоматты түрде Жеке тұлғалардың мемлекеттік мәліметтер базасынан алынады. Қазір мәліметтер базасын тексеру, интеграциялау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар осы жылдың соңына дейін аяқталады. Жыл басында жиналған ақпарат жобаның операторы – БЖЗҚ-ға тапсырылады», – деді Арғынғазин.
Айта кетейік, 16 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордан балаларға қаржы төлеу туралы заңға қол қойған.
Яғни 2024 жылы 1 қаңтарда Қазақстанда «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылады. Жобаға сәйкес, Ұлттық қордың жылдық табысының 50%-ы арнайы шотқа жіберіледі. Бұл шоттағы ақшаны балалар тек кәмелеттік жасқа толғанда ғана ала алады. Ақшаны алу үшін ата-аналарға шот ашудың қажеті жоқ. Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков жобаға қатысуға 9 банк өтініш бергенін айтты. Олардың барлығы арқылы ақша алу мүмкіндігі болатынын айтқан еді.
«БЖЗҚ» АҚ басқарушы директоры Мұрат Шәріпов қордағы қаражат доллармен сақталатынын және балаларға доллармен берілетінін айтты.
Жобаны президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған болатын. 18 қарашада парламент заңды қабылдап, президентке жіберген. 2024 жылы 18 жасқа толатын балалар қорға жиналған қаржыны 1 ақпаннан кейін ала алады.
«Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясындағы алғашқы ақша балалардың шотына 2024 жылдың 1 ақпанынан бастап түседі. Бұл жайлы Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков айтты.
Ал ҰЭМ басшысы өмірден өткен балалардың жинағы ата-анасында қалатынын немесе өзге балаларына бөлінетінін жеткізді.