Жаңалықтар

«Барби», «Уэнсдей», Газадағы қақтығыс. Google 2023 жылы ең жиі ізделген ақпараттар рейтингін жариялады

Google 2023 жылы ең жиі ізделген ақпараттар рейтингін жариялады / коллаж kursiv.media

Google 2023 жылы ең жиі ізделген ақпараттар тізімін жариялады. Әлемдегі пайдаланушылар «Барби» және «Оппенгеймер» фильмдерінен бастап, Газа секторындағы әскери қақтығысқа дейін мәліметтер іздеген.

2023 жылғы ең жиі ізделген ақпарат тақырыптары 18 бөлімнен тұрады: жаңалықтар, адамдар, актерлер, сериалдар, фильмдер, спортшылар, ойындар, музыканттар, рецепттер, спорттық командалар, мұражайлар және т.б..

Жылдың ең танымал оқиғасы. Сұраныстарға сәйкес, ең танымал оқиға Израиль мен ХАМАС арасындағы әскери қақтығыс болды. Сондай-ақ, Түркиядағы жер сілкінісі, «Титан» батискафының апаты, АҚШ-тағы Хиллари және Идалия дауылдары туралы да көп ізделген.

Жылдың ең танымал тұлғасы. Google қолданушылары америка футболы бойынша «Баффало Билс» командасының ойыншысы Дамар Гамлинге қатысты ақпаратты жиі іздеген. Үздік бестікке актер Джереми Реннер, футболшылар Киллиан Мбаппе және Трэвис Келси мен блогер Эндрю Тейт енген.

Жылдың ең танымал актері. Marvel кино әлеміндегі «Сұңқар көзді» (Hawkeye) рөлін сомдаған Джереми Реннердің жұлдызы жарқыраған. Одан кейін «Уэнсдей» сериалының бас кейіпкерін ойнаған Джена Ортега жапондық актер Камэдзиро Итикава туралы ақпарат көп ізделген.

2023 жылы қайтыс болған белгілі тұлғалар арасында америкалық «Достар» ситкомында ойнаған Мэттью Перри туралы ақпарат жиі ізделген.

Жылдың ең танымал фильмі мен сериалы. 2023 жылы ең көп іздеуде болған фильмдер «Барби» мен «Оппенгеймер» болған. Сериалдардан «Уэнсдэй» және «Джинни мен Джорджия» ең көп ізделді.

Танымал музыканттар мен әндер. Үздік 5 танымал музыкант тізімін Шакира бастап, одан кейін америкалық әншілер Джейсон Олдин мен Джо Джонас жалғаған. Жиі сұралатын әндердің қатарына жапондық Yoasobi дуэті мен Джейсон Олдиннің әндері енген.

2022 жылы ең танымал жаңалықтар қатарына Украинадағы соғыс, Ұлыбритания патшайымы Елизавета II-нің қайтыс болуы және әртүрлі елдердегі сайлау нәтижелері енген. Ең жиі ізделген тұлға Джонни Депп, Одан кейін «Оскар» сыйлығын табыстау марапатында Крис Рокты ұрған Уилл Смит және Джонни Депптің бұрынғы әйелі Эмбер Херд болған. Ал Ресей президенті Владимир Путин төртінші болған. Өткен жылы танымал сериал «Эйфория» болған еді.