«Ұлттық қор – балаларға»: ақшаны денсаулықты жақсартуға, тіпті тіс емдетуге жұмсауға болмайды
Ұлттық қордан 2024 жылғы 1 ақпаннан бастап балалардың есеп-шотына аударылатын ақша көлемі бірдей болады. Ешкім артық, не кем ақша алмайды. Қаржы министрлігінің Бюджеттік кредиттеу, Ұлттық қор және қаржы секторы мәселелері жөніндегі өзара іс-қимыл департаментінің директоры Айбол Арғынғазин осылай мәлім етті.
«Ұлттық қор төлемін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2024 жылғы 1 ақпаннан аударады. Төлем жылына бір рет жасалады. 18 жасқа толмаған барлық балаға бірдей сома аударылады. Ал кәмелет жасына 2024 жылы толатын балалар қаражат шотына түскен сәттен бастап өтінім беріп, ақшаны пайдалану мақсатын растайтын құжатты көрсету арқылы қаражатты тиісінше пайдалана алады», – деді Айбол Арғынғазин журналистерге арналған баспасөз мәслихатында.
Департамент директоры Ұлттық қордан алған ақшаны 2-ақ мақсатқа пайдалануға болатынын атап өтті.
«Ұлттық қордың қаражатын тұрғын үй жағдайын жақсартуға және оқу ақысын төлеуге ғана пайдалануға болады. Ұлттық қордың қаражатын ем алуға, денсаулығын жақсартуға жұмсауға рұқсат берілмейді. Мемлекет денсаулығына қатысты қиындыққа тап болған азаматтарға «Қазақстан халқына» қоры және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинағының артылған көлемін пайдалану арқылы қолдау көрсетіп отыр», – деді Айбол Арғынғазин.
Оның айтуынша, Ұлттық қордан алған ақшаны Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақ секілді стоматологиялық қызмет алуға да қолдануға да рұқсат берілмеген.
Ал 2024 жылы 200 мыңнан астам бала 18 жасқа толған соң, «Ұлттық қор – балаларға» жобасынан өз қаржысын шешіп ала алады. Бұл жайлы Қаржы министрлігі Бюджеттік кредиттеу, Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры және қаржы секторы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл департаменті директоры Айбол Арғынғазин айтты.
Алдын ала болжам бойынша, 2024 жылы 18 жасқа толатын азаматтар бір жыл үшін $160–170 алады. Ал биыл дүниеге келген балалар 18 жасқа толғанда, $3,5 мың алуы мүмкін. Қазірдің өзінде ата-аналар жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы 200 мыңға жуық балаға депозит ашып қойған. Депозиттері бар балалар платформадан автоматты түрде арнайы ағымдағы шот аша алады. Бұл шотты кеңесшілер мен бейнебанкинг арқылы да ашуға болады.
Жобаны президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған болатын. 18 қарашада парламент заңды қабылдап, президентке жіберген. 2024 жылы 18 жасқа толатын балалар қорға жиналған қаржыны 1 ақпаннан кейін ала алады.