Өтірік ақпарат пен фейк тарап кетпесін: Смайылов әкімдерді шұғыл жағдайларда халыққа объективті ақпарат беруге шақырды

Жарияланды

Фото: Үкімет үйі

Премьер-министр Әлихан Смайылов әкімдерді шұғыл жағдайлар болған кезде, халыққа дер кезінде объективті ақпарат беруге шақырды. Бұл жайлы Үкімет сағатында айтылды.

Әлихан Смайылов күннің күрт суытып кеткеніне байланысты коммуналдық жүйелерге түсетін жүктеме артатынын айтты.

«Мұндай кезде жылу және энергия объектілерінде штаттан тыс жағдайлар болатыны мәлім. Өңірлерде технологиялық ақауларға байланысты түрлі жағдайлар болып жатыр. Бірақ жылу беру толық тоқтап қалған жоқ. Бұзылған учаскелерді нормативтік мерзімде қалпына келтіру бойынша шұғыл шаралар қабылданды. Әкімдіктер тіршілікті қамтамасыз ететін барлық жүйенің жұмысын ерекше бақылауда ұстауы қажет. Авария болған жағдайда барынша шұғыл әрекет етіп, тиісті шаралар қабылдау керек. Халыққа нақты жағдай туралы, жөндеу жұмыстары мен жоспарлы жұмыстар туралы дер кезінде объективті әрі түсінікті ақпарат берілуге тиіс. Әйтпесе, өтірік ақпарат пен фейк тарап кетеді»,  – деді үкімет басшысы.

Сонымен бірге премьер-министр жауапты министрліктерге энерго нысандардың жұмысын қадағалауды, ал ҚТЖ-ға жылуға қажетті отынды жеткізуді кешіктірмеу тапсырылды. Смайылов өңір әкімдіктері мен жылу электр станцияларының иелеріне апатты жағдайларда, шұғыл жұмыс істейтін арнайы жөндеу бригадаларын құру керектігін айтты.

Еске сала кетсек, 10 желтоқсан күні «ЕкібастұзЖылуЭнерго» ЖШС Екібастұз жылу электр орталығында апат болғанын хабарлады. Станцияның күл шығаратын құбырынан ақау шыққан болатын.

Ал 8-ші желтоқсанда Степногорск қаласы жартылай жылусыз қалды. Онда жылу құбырлар жүйесінде апат болған.   

Тоқаев апат болған учаскелердегі жағдайды шұғыл реттеп, халықты жылумен және сумен қамту ісін тез арада қалпына келтіруді және барлық елді мекендегі коммуналдық желілердің үздіксіз жұмысын жолға қоюды тапсырды. 

Сондай-ақ оқыңыз