Достық-Алашаңқай станциялары бойынша жүк тасымалдау ішінара тоқтады
Достық-Алашаңқай станциялары бойынша Қазақстанна ҚХР-ға жүк тасымалдау баяулаған / Фото: kursiv.media
Ауа-райының қолайсыздығына байланысты Достық-Алашаңқай станциялары бойынша жүк тасымалдау баяулады. Бұл жай ҚТЖ-ның баспасөз қызметі хабарлады.
«Достық және Алашаңқай станцияларында қалыптасқан ауа райының қолайсыздығына байланысты Қазақстаннан ҚХР-ға жүк қабылдау баяулады. Атап айтқанда, Қытай астық тасымалдаушыларды, астық жүктері мен ұнтақ өнімдері бар жабық вагондарды, өсімдік майы бар цистерналарды қабылдамай жатыр. Алашаңқай станциясында терминалдардың жұмысы тоқтатылды»,- делінген хабарламада.
Компанияның хабарлауынша жүк және контейнерлік пойыздар күтуге көшкен. 12-13 желтоқсан аралығында түнде пойыздарды беру толығымен тоқтатылса, ал күндіз-пойыздардың орташа тәуліктік алмасуы 5 есеге төмендеген. Бұрын шекарада 15 құрам ары-бері өтіп жүрген болса, бұл күндері 3 құрам ғана өте алады.
«Осыған байланысты ҚТЖ ағымдағы жылдың 25 желтоқсанына дейін Достық шекара өткелі арқылы контейнерлерде, астық тасымалдаушыларда, жабық вагондарда астық жүктерін және цистерналарда өсімдік майларын қабылдауға тыйым салды»,- деп ескертеді компания.
ҚТЖ 12 желтоқсанда ҚХР темір жол өкілдерімен жүктерді қабылдауды қайта бастау туралы шұғыл кеңес өткізді.
Еске сала кетсек, 21 қарашада «ҚТЖ» басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев Үкімет отырысында компанияның кірісі артып, көрсеткіштері ұлғайғанын мәлімдеді.
«Ағымдағы жылдың 10 айында жүк айналымы 7,2%- ға өсіп, 224,2 млрд тонна-километрді құрады. Негізгі өсімге экспорттық және транзиттік тасымалдар есебінен қол жеткізілді. Мысалы, өткен жылмен салыстырғанда астық экспорты 32%- ға артты. Темір рудасы мен химиялық заттарды тасымалдау да осы шамада болды. Жыл соңына қарай ҚТЖ рекордтық көрсеткішке жетуді және жүк айналымын 274 млрд тонна-километрге дейін арттыруды жоспарлап отыр», – деді ҚТЖ басшысы.
Осы орайда 2024 жылы Қазақстан мен Қытай арасында темір жолмен 27,8 млн тонна жүк тасымалданады деп күтілуде. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 1 млн тоннаға артық. ҚТЖ баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2023 жылдың 8 айында Қытай мен Қазақстан арасындағы жүк және контейнерлік тасымал қорытындысы бойынша жыл соңына дейін тасымалданатын жүк көлемі 26,8 млн тоннаны құрауы тиіс. Соның ішінде экспорт 25 пайыз өсіп, 16,2 млн тоннаны құраса, импорт импорт 6% өсіп, яғни 10,6 млн тоннаға жетеді.
Ал былтыр Қазақстан мен ҚХР арасындағы жүк тасымалы рекордтық деңгейге жетіп, 23,2 млн тоннаны құраған. Бұл 2021 жылдағы көрсеткіштен 15%-ға артық. 2024 жылғы қаңтардан бастап қытайлық тарап Алашаңқай станциясы бойынша астық тасығыштарда, жабық вагондарда және контейнерлерде астық жүктерін қабылдауды екі есе арттырады. Қазақстандық тарап өтініші бойынша ҚХР алғаш рет Қорғас станциясы бойынша астық тасығыштар мен жабық вагондарда астық жүктерін қабылдауды бастайды.