Оқушылар лагерін сауна кешенінде ұйымдастыру ісі бойынша материалдар сотқа жіберілді
Оқушылар лагерін сауна кешенінде ұйымдастыру ісіне қатысы бар деген күдікпен қалалық білім басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты қозғалған істі тергеу аяқталды. Бұл туралы қалалық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Прокуратура жетім балалар мен оқушылар лагерін ұйымдастыру бойынша жеткізуші компанияны конкурстың жеңімпазы деп танығаны үшін бөлім басшысының 12 млн теңге көлемінде пара алуға әрекеттену фактісі бойынша қылмыстық істі сотқа жіберді.
Сондай-ақ қала прокуратурасының нұсқауы бойынша лауазымды тұлғаларды заңда белгіленген жауаптылыққа тарту үшін Алматы қаласының әкімдігіне қылмыстық құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізілді.
Еске салар болсақ, 17 шілде күні оқушылар лагерін саунада ашу ісі бойынша Алматы қалалық білім басқармасы дауға қалған болатын. Ата-аналар «Арман дала» лагерінде балаларының демалысы өте қолайсыз жағдайда өтіп жатқанын айтып, шу көтерді.
Ал Алматы қаласының прокуратурасы білім басқармасы мен балаларға арналған мекеме әкімшілігіне қатысты ҚР ҚК 361 (Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану) және 140-баптары (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау) бойынша қылмыстық іс қозғады.