Жаңалықтар

Мемлекеттік органдар қазақ-қырғыз шекарасындағы жүк көліктерінің кептелісіне «бас ауыртып» жатыр – Ерұлан Жамаубаев

офшорға шығарылған
Фото: Асқар Ахметуллин және shutterstock

Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы жүк көліктерінің кептелісіне қандай мемлекеттік органдар бас ауыртып жатыр? Бұл сұраққа Мәжілістің жалпы отырысында жауап берілді.

Депутат Мақсат Толықбай Үкімет басшысының орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа қазақ-қырғыз шекарасындағы жүк көліктерінің кептелісіне қатысты сұрақ қойды.

«Қазақстан-Қырғызстан шекарасына барсаң, үнемі ұзын-сонар кезек, жүк көліктерінің кептелісі бірнеше шақырымға созылып жатады. Қазан айында БАҚ-та 600-ге жуық көлік апталап кезекте тұрғанын, кейбір тауарлардың мерзімі өтіп кетіп жатқанын хабарлады. Ол тек қырғыз шекарасындағы жағдай емес, Ресей шекарасына барсаң да осы. Үнемі айғай-шу, үнемі дау-дамай. Жалпы бұл проблеманы қашан шешеміз? Осыған бас ауыртып жатқан адам бар ма?» – деді депутат.

Ерұлан Жамаубаев бұл мәселеге бас ауыртып жатқан адам емес, тұтас мемлекеттік органдар бар екенін мәлімдеді.

«Бас ауыртып жатқан мемлекеттік органдар бар. Өздеріңіз білесіздер, аталған бекеттер екі тарапқа бөлінеді. Біріншіден, бұл сыртқы шекара бекеттері. Олар Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің қарамағында. Бұдан бөлек Еуразиялық одақтың ішкі шекаралары бар. Мұнда кеден бекеттері жоқ. Сол себепті бұған шекаралық қызмет немесе Көлік министрлігі жауап береді», – деп түсіндірді Үкімет басшысының орынбасары.

Қаржы министрі шекаралық бекеттерде кешенді жұмыс жүргізіліп жатқанын жариялады.

«Сыртқы бекеттерге келетін болсақ, 10 бекет Қаржы министрлігінің назарында. 5 бекет – ҚХР-мен, 4 бекет – Өзбекстанмен және бір бекет – Түрікменстанмен шекаралас орналасқан. Осы бекеттерде толық жаңғырту жұмысы жүріп жатыр. Бұл жұмыс 2024 жылы аяқталады. Ішкі шекараларға келетін болсақ, мұнда кеден бекеттері жоқ. Ресеймен, Қырғызстанмен шекарада кептеліс болады. Бұл мәселеге Көлік министрлігі жауап береді. Олардың өз жоспары бар», – деп нақтылады Қаржы министрлігі.

Ерұлан Жамаубаев Қырғызстанмен шекарадағы жүк көліктерінің кептелісіне көп жағдайда Қазақстанның шекарадан контрабандалық тауардың өтуіне жол бермеу үшін ұйымдастыратын арнайы операциясы себеп болатынын жариялады.

«Көп жағдайда шекарада 500-600 көлік тұрған кезде Қазақстан арнайы операция жүргізеді. Арнайы операция контрабандалық тауардың өтуіне жол бермеу үшін ұйымдастырылады. Салдарынан осындай жағдай туындайды», – деді Үкімет басшысының орынбасары.

Ерұлан Жамаубаев 2021 жылы Қазақстан шекаралық аймаққа орналасқан Қордай ауылындағы кеден бекетін жаңғыртқанын, қазір Сортөбе және Ауқатты ауылдарындағы кеден бекеттерін жаңғырту жатқанын, 2025 жылға қарай 3-4 кеден бекетінде жаңғырту жұмысы аяқталатынын айтты.

Қаржы министрі шекарадағы кептелісті болдырмау үшін тиісті жұмыс атқарылып жатқанын мәлімдеді.

«Жүк тасымалдаушыларға электронды кезекке тұру мүмкіндігін беретін жоба жүзеге асырылып жатыр. Кеден бекеттерін жаңғырту жұмысы аяқталғаннан кейін Қазақстанның өткізу қабілеті артады деп үміттенеміз және Қазақстан Орталық Азия үшін транзиттік хабқа айналатынына сенеміз», – деді ол.

24 тамызда қазақ-қырғыз шекарасында жүк көліктерінің кептелісі тіркелді. Сол кезде мәселеге Еуразиялық экономикалық комиссиясы араласады деген ақпарат тарады.

26 тамызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдайды реттеуді тапсырды.
28 тамызда ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан мен Қырғызстанның бақылау бекеттеріндегі жағдайға қатысты түсініктеме берді.

Шекара қызметі есірткі заттарды тасымалдау 35 фактісін, 33 қару мен оқ-дәрілер, 20 жалған құжат пайдалану, 36 қос азаматтық, 2 млрд теңгеге жуық сомаға 299 контрабанда фактісі, жалған құжаттарды пайдаланып көлік құралдарын әкелу және әкету бойынша 27 фактті анықтаған. Сондай-ақ көші-қон заңнамасын бұзған 909 адам анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

23 қазанда шекарадағы жүк көліктерінің кептелісі қайталанып, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы «Ақ-Тілек автодорожный» бекетінде 400-ден астам жүк көлігі тоқтап қалды. Мәселенің мән-жайын Қырғыз мемлекеттік Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі түсіндірді.

Бұл туралы kursiv.media қазақ-қырғыз шекарасында тағы кептеліс: қырғыз тарапы себебін түсіндірді деп жазды.

20 қарашада қазақ-қырғыз шекарасында тағы да 500 жүк көлігі тұрып қалды.

«20 қарашада жергілікті уақыт бойынша сағат 11:00-де «Ақ-Тілек» өткізу бекетінің алдында 500 жүк көлігі шекаралық бақылаудан өту үшін кезекте тұр», – деп хабарлады сол кезде Қырғызстанның шекара қызметі.