Жаңалықтар

Президент заңға қол қойды: Салық кодексіне қандай өзгерістер енгізілді?

Салық

Фото: kursiv.media

Мемлекет басшысы «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Аталмыш өзгерістер 2024 жылдың 1 қаңтарынан өз күшіне енеді.

Қандай өзгерістер енеді?

Кодекс соттарда мемлекеттік баж төлеу бойынша кейінге қалдыруды беру тәртібі мен шарттарын айқындайтын жаңа 51-2-баппен толықтырылған.

«Салық Кодексіне» енгізілген өзгертулерге сәйкес, жалпыұлттық декларациялау аясына тек жалақы, зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақыға күн көретін адамдар декларация тапсырмайды. Кірістер мен мүлік туралы декларация нысанында салық салынатын кірістер ғана көрсетіледі, қалған мәліметтер мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен автоматты түрде толтырылады.

Жалпы декларация, кірістер мен мүлік туралы декларация шеңберінде салық есептілігін бірыңғай ұсыну мерзімі белгіленген: ағымдағы жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірмей тапсырылуы қажет.

2024 жылдан Ұлттық қор инвестициялық табысының 50 пайызы балаларға бөлінетіні белгілі. Жаңа Салық Кодексіне сәйкес, ол жеке тұлғаның табысы ретінде саналмайды, сәйкесінше, бұл қаржыға салық салынбайды.

Халықтың несие жүктемесін азайту мақсатында 232-баптың 5-тармағы мынадай мазмұндағы тармақшамен толықтырылған:

«Осы Кодекстің 250-бабының 6-тармағына сәйкес, провизиялар (резервтер) құру бойынша шығыстар сомасын шегеруге құқығы бар салық төлеушінің, микрокредит бойынша үмітсіз берешекті және ол бойынша сыйақыны кешіруіне байланысты борышкерге қойылатын талап ету мөлшерін микрокредиттер бойынша үмітсіз берешектің және олар бойынша сыйақының салықтық кезеңде кешірілген жалпы сомасын салықтық кезеңнің басындағы микрокредиттер бойынша негізгі борыш сомасына және олар бойынша сыйақыларға арақатынасының ең жоғары мөлшері шегінде азайту. Бұл ретте мұндай арақатынастың ең жоғары мөлшері 0,2 коэффициентке тең», делінген заңда.

Салық кодексінен сондай-ақ салық төлеушінің түрлі есеп, пен чектерді 5 жыл бойы сақтау міндеті алынып тасталған. Өйткені бүкіл деректер салық деректері операторында сақталады.

Салық Кодексіне наурыз айында енгізілген өзгерістер бойынша, бөлшек салық мөлшерлемесі 6%-дан 4%-ға дейін төмендеп, мәслихаттарға мөлшерлеменің 50%-ға, яғни 4%-дан 2%-ға дейін төмендету құқығы беріліп, бұл құжат заңды негізде бекітілген. Қарапайым тілмен айтқанда, ол мөлшерлемелер жеке тұлғаларға сату үшін 4 пайыз және заңды тұлғалармен операциялар үшін 8 пайызды құрайды. Бұл ретте мәслихаттар жеке тұлғаларға сатылатын қызметтер мен тауарлар үшін бөлшек салық мөлшерлемесін, 50%-дан аспайтын мөлшерде төмендетуге құқылы болады.

Бұл арнаулы салық режимі жұмыскерлерінің саны 200 адамнан аспайтын және жылдық табысы 2,1 млрд теңгені (600 мың АЕК) құрайтын кәсіпкерлерге қолданылады.