Қазақстанда банк құруға шешім қабылдаған ресейлік кәсіпкердің компаниясы АҚШ-тың санкция тізіміне енді

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Қазақстанда банк құруға шешім қабылдаған ресейлік кәсіпкердің компаниясы АҚШ санкция тізіміне енді / NSULIFE

АҚШ Қаржы министрлігі Ресей Экспобанкін санкциялар тізіміне енгізді. Ал оның иесі Игорь Ким желтоқсан айының басында Қазақстанда тіркелген «Береке» микро қаржы ұйымын банкке айналдыруға ниет білдірген.

Frank Media басылымының жазуынша, Экспобанк өкілдері компанияның жұмысы тоқтамағанын және карта қолданушыларының барлық операциясы қолжетімді екенін айтқан. Банк клиенттері Ресеймен «достық» қарым-қатынастағы елдерге валюталық аударымдар жасай алады.

Экспобанк Ресейде таза активтері жағынан 38-ші орында тұр. 2017 жылға дейін қазақстандық «ЭкспоКредит» банкіне ие болған Игорь Ким кредиттік ұйымды алдымен ZIM Capital брокерлік компаниясына сатса, кейін ол Jusan bank құрамына еніп кеткен.

Алайда кәсіпкер Игорь Кимнің өзі әлі америкалық санкцияларға ілікпеген. Желтоқсан айының басында қазақстандық Forbes Кимнің «Береке» микро қаржы ұйымына екінші деңгейлі банк дәрежесін алуға ниетті екенін жазған. Жаңа компания Safe Bank аталып, бас кеңсесі Алматыда орналасады деген ақпарат бар. Жаңа банктің қанша бөлігі Кимге тиесілі болатыны әлі белгісіз.

2022 жылдың желтоқсанында Кимге тиесілі «Сейф-Ломбард» «Береке» МҚҰ-ны сатып алған. Активтерінің құны 2,1 млрд теңге және міндеттемелер көлемі 1,15 млрд теңге болған компания 291 млн теңгеге сатылған. Кейіннен МҚҰ акционерлік қауымдастыққа айналып, капиталы 100 млн теңгеден 3,4 млрд теңгеге дейін өскен.

Айта кетейік, Игорь Ким – Ресейдің ірі кәсіпкері, танымал инвестор әрі банкир. Ашық ақпарат көздерінде Ресей Федерациясының еңбек сіңірген экономисі, ресейлік және шетелдік қаржы институттарының қатысуымен активтерді (M&a) сатып алу және шоғырландыру бойынша 30-дан астам мәмілені жүзеге асырған маман екені дәйектеледі. Қазір Ресейдегі «Экспобанк» АҚ-нің негізгі акционері саналады. 

Еске сала кетейік, «Сейф-Ломбард» 2009 жылы Қазақстанда құрылған және Игорь Кимге тиесілі. Компания автомобильдер, аң терісі және зергерлік бұйымдарды кепілімен қарызға ұсынады. Корпоративтік сайтта фирманың бүкіл Қазақстан бойынша 125 бөлімшесі және 695 мың адамнан тұратын клиенттік базасы бар екені көрсетілген. 

Естеріңізде болса, Ресейлік кәсіпкер, Экспобанк иесі Игорь Кимге тиесілі «Сейф-Ломбард» компаниясының «Торғай Орталық Азия» фирмасыдағы 100% үлесті сатып алғанын бұрын да жазғанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз