Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстары тапсырған декларация жариялана ма
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік қызметте болған туыстарының декларациясы жарияланбайды. Қазақстан азаматтарының декларациясы салық заңымен қорғалғаны туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті өндірістік емес төлемдерді, жеке тұлғаларды және арнайы салық режимдерін әкімшілендіру департаментінің директоры Нұржан Қуандықов айтты.
Баспасөз конференциясы кезінде журналистер «2021 жылы мемлекеттік қызметкерлердің декларация тапсыруы басталған кезде Дариға Назарбаева мемлекеттік қызметте (мәжіліс депутаты – ред.) және Нұрбол Назарбаев құқық қорғау органдарында қызметте болды. Бұл қызметтен кеткеннен кейін, екеуі де Forbes тізіміне шықты. Осы азаматтар декларация тапсырды ма?» деген сұрақ қойды.
«Сіз атап өткен азаматтар декларация тапсырды. Себебі барлық мемлекеттік қызметкер декларацияны тапсыру керек еді. Қаражатының сомасы қанша мен (олардың меншігінде – ред.) не бар екенін біз жариялау құқығымыз жоқ. Себебі мәлімет салық кодексімен қорлағады», – деп жауап берді Нұржан Қуандықов.
Баспасөз отырысы кезінде Астана қаласы Нұра ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы Руслан Жанкеев декларация туралы ақпаратты тек құқық қорғау органдары ала алатынын айтты.
«Алайда құқық қорғау орган салалары, мысалы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік бізге сұрау салған жағдайда біз бере аламыз», – деді Руслан Жанкеев.
Жалпыға бірдей декларациялау жүйесі 2021 жылдың 1 қаңтарында іске қосылды. Алғашқы болып мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайлары декларация тапсыруы керек болған.
2023 жылдан бастап мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік ұйымдар қызметкерлері және олардың жұбайлары 2022 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі ақпарат көрсетілген декларацияны жариялауы керек болған.
2024 жылдан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары тапсыруы керек.
2025 жылдан бастап кәмелеттік жасқа толған барлық қазақстандықтар тапсыруы керек.
Осыған дейін декларация тапсыру алдында қандай ақпаратты білу керек екенін жазған едік.