Қазақстанда 40-қа толмаған жас ғалымдар, яғни ғылыми институттар және университеттердің қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз ету ипотекалық бағдарламасы іске қосылды.
Орталық коммуникациялар қызметін өткен баспасөз конференциясында белгілі болғандай, «Отбасы банк» пен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы келісім аясында, өтініштер қабылдау 1 желтоқсаннан басталған, бүгінгі күнге дейін 9 ғалымға заем берілген.
Соңғы 5 жылда ғылыми жұмыспен айналысып, ғылыми зерттеу институттарында немесе ЖОО-да жұмыс істеген жас ғалымдар бағдарламаға өтініш бере алады.
«Баспананы бастапқы немесе екінші нарықтан сатып алуға болады. Заемның жылдық мөлшерлемесі 5% (ЖТСМ 5,2% бастап) беріледі. Алғашқы жарна 10%-дан 50%-ға дейін болады. Бағдарламаға қатысушысына берілетін ең жоғары заем сомасы 20 млн теңгеге дейін», – деп түсіндірді «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
Бағдарлама «Отбасы банк» қаржысына жүзеге асырылады. Бастапқыда ғалымдар 155 мың теңге төлем жасап отырса, заемның 50% өтегеннен кейін сомма 84 мың теңгеге қысқарады. Бағдарламаға қатысу үшін қызмет ететін ғылыми ұйым немесе ЖОО басшылығынан жолдама алу қажет. Басты шарт соңғы бес жылда өтініш беруші тұлғаның және отбасының тұрғын үй мүлкі болмауы керек.
Әзірге бағдарлама 5-6 жыл қатарынан жүзеге асырылатыны белгілі.
Осыған дейін Алматы, Астана мен Шымкентте жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасына өтініш қабылдау басталғанын жазған едік.