Алматы қаласының несиелік рейтингі «BBB» деңгейінде – Fitch агенттігі
2023 жылдың 8 желтоқсанында Fitch халықаралық рейтингтік агенттігі Алматы қаласының «BBB» деңгейіндегі кредиттік рейтингін растады.
Алматының дербес несиелік рейтингі Fitch Ratings әдіснамасына сәйкес «BBB+» рейтингіне сәйкес келеді.
«Халықаралық ұйымдардан сыртқы қарызды тартуға берілген құқықты ескере отырып, Алматы қаласының жоғары кредиттік рейтингі инфрақұрылымды жаңғырту мен экономиканы одан әрі әртараптандыру үшін қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді», – деп хабарлайды Алматы әкімдігі.
Алайда халықаралық әдіснамада Алматы қаласының Қазақстанның өзге өңірлері секілді салық мөлшерін бекітуге құқығы жоқ екені, бұл саладағы шешімнің барлығын үкімет қабылдайтынын туралы ескертіліп жазылған. Осы себептен ұйым Алматының қаржылық тәуелсіздігі мен кіріс есебін толықтай тексере алмайтынын ескертеді. Қаланың шағын және орта бизнеспен кейбір өндірістерден түсетін салық және мемлекеттік бюджет трансферті есебінен күнкөріп отырғаны айтылған.
Қаланың негізгі шығындары қатарына білім беру, денсаулық сақтау, коммуналдық төлемдер мен транспорт енген. Бұл жалпы шығынның 50% құрайды. Шығындардың қатарына мемлекеттік бюджетке кететін трансфертте кірген. 2022 жылдан бері жалпы шығынның 17% мемлекеттік бюджетке кеткен трансферт болып есептелген.
Еске саламыз, 2023 жылдың 18 қараша күні Fitch халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстанның тәуелсіз несие рейтингін «BBB» деңгейінде растаған болатын. Болжам – «Тұрақты».
Қазақстанның рейтингін қолдайтын маңызды фактор – тұрақты фискалды саясат және сыртқы күйзелістерге төзімділігін дәлелдеген сыртқы резерві болып отырғаны айтылған еді.
«Сарапшылардың пайымынша, жаңа бюджет саясаты мемлекеттік қаржының тұрақтылығын арттырады. Оған қоса экономиканы әртараптандыру және экспорт бағытын көбейту ел дамуына оң әсерін тигізеді», – делінген болатын хабарламада.
Айта кетейік, маусымда Қазақстан Орнықты дамудың жаһандық рейтингінде 12 сатыға көтеріліп, 65-ші орынға шыққаны белгілі болған.