ЕО қысымы: Apple компаниясы бәсекелестеріне NFC модулін ашуы мүмкін

Жарияланды
Apple компаниясы

Apple компаниясы үлкен айыппұлдан құтылу үшін NFC модулін ашу туралы ұсыныс жасады / Фото: kursiv.media

Apple компаниясы Apple Pay-мен бәсекелесетін басқа төлем сервистеріне NFC модулін ашуы мүмкін. Бұл туралы Reuters хабарлады.

Бұл өзгеріс тек еуропалық нарыққа ғана бағытталған. Басылымның хабарлауынша компания бұл қадамға Еуроодақ қысымынан кейін барған. Осылайша Apple компаниясы ЕО-ның монополияға қатысты айыптауларынан құтылып, айыппұл төлеуден құтылып кетпек.

Өйткені 2022 жылы ЕО реттеушілері Apple-ді Near-Field Communication (NFC) технологиясына қолжетімділікті әдейі шектеді деп айыптады. Бұл бәсекелестігі төлем қызметтердің iPhone-да жұмыс істеуін қиындатады. Сонымен бірге тұтынушы таңдауын да шектейді.

Өз кезегінде Еурокомиссия компанияның бұл ұсынысын зерделеп, келесі айдан бастап, компания ұсынысы қаншалықты құнды екенін анықтау үшін Apple бәсекелестерімен кері байланыс орнатады.

Apple Pay жүйесін Еуропадағы 2500-ден астам банк, сондай-ақ 250-ден астам финтех және бәсекелес банктер пайдаланады. Ал NFC чипі iPhone және iPad құрылғыларында төлем жасауды жеңілдетеді.

Осыған дейін Оңтүстік Кореяның телекоммуникация секторының реттеушісі Alphabet Inc құрамына кіретін Google мен Apple Inc. компанияларына қомақты айыппұл салатыны туралы ақпарат тарады. Реттеуші бұл компанияларды нарықтық позицияны теріс пайдаланды және мобильді төлемдер саласындағы жергілікті реттеуді бұзды деп айыптаған.

Ал тамызда Ресей соты Apple компаниясына тыйым салынған ақпаратты жоймағаны үшін айыппұл салды. Онда Apple жойылатын ақпаратты жоймағаны үшін кінәлі деп танылған. Apple корпорациясына 400 мың рубль көлемінде әкімшілік айыппұл тағайындалды.

Еске салар болсақ, Fortnite онлайн-ойынын әзірлеуші Epic Games ойын ішіндегі төлемдерді Google Play және App Store-ні орағытып өтіп, тікелей жинамақ болғаннан кейін, 2020 жылы Google және Apple Fortnite онлайн-ойынын өздерінің қосымшалар дүкенінен өшіріп тастаған болатын. Epic онлайн-ойын үшін шотты тікелей ұсынуға және смартфондарға Epic Store-ні орнатуға рұқсат беруді талап етіп, екі компанияны да сотқа берді.

Apple онлайн-ойын әзірлеушісі Epic-ті сотта жеңіп шықты.

Сондай-ақ оқыңыз