Мәжілісте екі депутат марқұм Болат Назарбаевқа қатысы бар мәселелерді көтерді. Азат Перуашев Түркістан облысындағы санаторий мәселесін көтерсе, Айдос Сарым оның қызы Ақбота Назарбаеваға тиесілі компанияның «төмен» жауапкершілігі жайында айтты.
Азат Перуашев «Ақ жол» партиясына «СТС» ЖШС-нен өтініш келіп түскенін айтты. Айтуынша, бұл компания 2019 жылы басқа бір мекемеден Түркістан облысында орналасқан «Алтын Бұлақ» санаторийін гольф кулбымен бірге нарықтық бағаға сатып алған. Ал оның алдындағы меншік иесі бұл нысанды 2017 жылы Қаржы министрлігі өткізген аукционнан сатып алған.
Жаңа меншік иесі бұл санаторийді жөндеуге және инфрақұрылымын жүргізуге 4,5 млрд теңге салған. Бірақ өткен жылы Сарыағаш аудандық жер қатынастары бөлімшесі департаменті 2003 жылы жасалған жер учаскелерін сату туралы құжаттарды жарамсыз деп тануға арыз берген. Арызға сәйкес санаторий, гольф клуб және оған іргелес орналасқан резиденция тұрған жерлерге қатысты жасалған мәміле заңсыз деп танылу керек болған. Іргелес жатқан резиденцияны Болат Назарбаев алған.
«Бірақ жер департаментінен арыз түскен соң, Назарбаев бұл жерді басқа бір ЖШС-нің атына аударған. Әдетте қайтқан адамдарды сөз қылмайды, бірақ бұл жерде біз ол туралы айтуға мәжбүрміз. 2023 жылы сот Жер департаментінің шағымын қанағаттандырып, жекеменшік иелерінің кәсібін тәркілеген. Бірақ Болат Назарбаев 2022 жылы дереу басқа ЖШС-нің атына аударып жіберген субъектіге соттың бұл шешімі әсер етпеген. Оған келгенде сот өндірісті тоқтатып, бітімгершілік келісімге келген. Бұл орайда сот заң бұзылмаған деген шешімге келіп тұр ғой. Алайда бұл жерлердің барлығы бір реттілікпен сатылып, бір реттілікпен салынған. Осы орайда бұл істе соттың шешімінің әділ болғанына қатысты күмәнім бар. Ендігі сұрақ, жергілікті жауапты орган модернизацияланған дайын тұрған бизнесті кімге өткізбекші? Арыз берген орган «Ескі Қазақстанмен «күресіп жатқанын айтқан. Бірақ бұл өзі қызық күрес болып тұр. Ескі дәуірдің символы саналатын адам тіпті өмірден өткен соң да ұтылмады. Ал адал кәсіпкерлер салған инвестициясынан да, кәсібінен де айырылды»,– деді депутат.
Өз кезегінде депутат Айдос Сарым да Болат Назарбаевқа қатысы бар мәселені көтерді. Депутаттың айтуынша, Қазақстан Республикасының аумақтық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында елімізде 50 шекара заставасын салу жоспарланған. Солайша 2022 жылы 20 шекара заставасын салу бойынша жұмыстарды сатып алуға тендер жарияланып, 53 млрд 894 млн теңге сомаға мердігерлік ұйымдар – «Kapital construction» ЖШС және «TOLAGAI-2050» ЖШС-мен жалпы шарттар жасалған.
«Жасалған шартқа сәйкес «TOLAGAI-2050» ЖШС 40 млрд 350 млн теңге сомасындағы 15 шекара заставасын салуға тиіс еді. Жұмысты орындау мерзімі 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін белгіленген. Алайда жоғарыда көрсетілген шарт бойынша мерзім өрескел бұзылған. Бұдан басқа, жүргізілетін жұмыстардың сапасы да сын көтермейді. Қолда бар ақпарат бойынша ағымдағы жылдың 1 қазанында «TOLAGAI-2050» ЖШС тек 13 960 млн теңгені игерді, бұл шарттың жалпы сомасының 35%-ы игерілді деген сөз. Осы объектілер бойынша «TOLAGAI-2050» ЖШС шартты орындау мерзімін тағы 9 айға ұзартуды сұрайды, бұл жобаның айтарлықтай қымбаттауына алып келуі мүмкін», – дейді депутат.
Аталған компания бұдан өзге де ірі мемлекеттік сатып алуларға қатысып, талай сынға ұшыраған жосықсыз мердігер саналады. Мәселен, «TOLAGAI-2050» компаниясының атауы Алматы қаласы мен Павлодар облысындағы суару желілерін реконструкциялау, Сайрам су қоймасындағы механикалық тазарту және т.б. жобалар бойынша жаңалықтарда кездеседі. Депутат келтірген мәліметтерге сенсек, компания 80-нен астам азаматтық және әкімшілік сот тергеп-тексеруіне қатысқан. Оның 10-нан астамы 2023 жылы өткен. Ал Павлодар облыстық соты бұл компанияны міндетін адал орындамайтын компания деп таныған. Бірақ сот шешіміне қарамастан, бұл компанияға білдей бір министрліктердің шамасы келмей отырған көрінеді.
«Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті осы жобаның тапсырыс берушісі бола отырып, оған толық заңды негіздері болса да, осы күнге дейін шартты бұзу жөнінде шешім қабылдамаған. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 627-бабына сәйкес, егер мердiгер шартты орындауға уақытылы кiрiспесе немесе жұмысты соншалықты баяу орындап, оны мерзiмiнде аяқтауы мүмкiн болмаса, тапсырысшы шарттан бас тартуға және шеккен залалдарын өтеудi талап етуге құқылы», – дейді депутат.
Депутат сонымен бірге Болат Назарбаевтың қызының атышулы компанияның құрылтайшысы болып келгенін айтты.
«2022 жылғы 3 ақпанға дейін осы компанияның құрылтайшылар тізімінде қазіргі марқұм Болат Назарбаевтың қызы Ақбота Назарбаева болғанын атап көрсетеміз. Шекара заставаларын салу – елдің аумақтық қорғанысын қамтамасыз етудің негізгі бөліктерінің бірі. Құрылыс мерзімдерінің бұзылуы – елдің аумақтық тұтастығын бұзу, есірткі тасымалы мен басқа да тыйым салынған өнімдердің заңсыз айналымы, жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының аумағына заңсыз көшіп-қону қаупінің артуына алып келуі мүмкін. Осыған байланысты, Сізден осы жоба бойынша «TOLAGAI-2050» ЖШС-қа қатысты тергеп-тексеру жүргізуді және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қажетті шараларды қабылдауды сұраймыз», – деді халық қалаулысы.
Ал осыдан бір апта бұрын депутат Нартай Аралбайұлы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қарындасы Әнипа Назарбаева Алматыдағы «Кенжехан» базарындағы бір орында 10 мың долларға сатқанын айтты.