Офшорға шығарылған қаражат қашан және қалай қайтарылады – Қаржы министрі жауап берді

Жарияланды (жаңартылды )
офшорға шығарылған
Офшорға шығарылған қаражатты қайтарумен арнайы комиссия айналысады / Фото: kursiv.media

Сыртқа шығарылған 400-500 млрд теңгеге жасалған мәмілелер тексеріліп жатыр. Бұл жайлы мәжіліс отырысыда Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты.

Депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын талқылады. Депутаттар заңды таныстырған Қаржы министрінен бұл заңның тәуекелдері мен бизнеске жүктемесі жайлы сұрады.

«Бұл заңды біз бір жылдан аса талқыладық. Тәуекелдердің бәрін ескердік. Салықтық тексерулер кезінде капиталды сыртқа шығару фактілерін анықтап, ондай компанияларға қосымша салық төлеу бойынша хабарламалар жібердік. Біз былтырдың өзінде тексеру нәтижесінде бюджетке 70 млрд теңгеге жуық қаражат өндірдік. Сондықтан да бұл заңның маңыздылығы өте зор. Тәуекелдерге келер болсақ, бұл заң керісінше, тәуекелдерді азайтады. Бұл заң арқылы елден капиталдың сыртқа шығуына жол бермейміз. Бизнеске қосымша жүктеме түседі деп ойламаймыз», – деді министр.

Депутат Бақытжан Базарбек заңның солқылдақ тұстарын олигархтар сәтті пайдаланатынын айтты. Депутатттың айтуынша, 30 жылда миллиардтаған мемлекет қаражаты офшорға шығарылған.

«30 жыл бойын шенеуніктер мен олигархтар заңның солқылдақ тұсын пайдаланып, капиталдлың бәрін офшорларға шығарып тұрды. Мендегі мәлімет бойынша офшор аймақтарында халықтың 45 млрд долларға жуық ақшасы жатыр. Tax Justice ұйымының ақпаратына сәйкес жыл сайын Қазақстаннан 200 млн долларға жуық капитал шығарылады екен. Осыған орай, «сіздің мекемеңіз, үкімет осы 45 млрд долларға жуық қаражатты қайтару үшін не істеп жатыр» деген сұрағым бар. Қандай шара қолданып жатыр? Одан басқа Кайман, Сейшел аралдары бар. Оламен келісімшарт мүлде дайындалмаған. Бұл аймақтармен келісімшарт қашан дайындалады? Жалпы, елдің сыртқа шыққан ақшасы қашан қайтарылады?», – деп сұрады депутат.

Қаржы министрі бұл шаруа кешенді жұмыстарды талап ететінін, қазіргі таңда бұл мәселемен арнайы комиссия айналысып жатқанын айтты.

«Комиссия заңсыз иемделіп, заңсыз шығарылған қаражатты елге қайтару бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Өздеріңіз білесіздер, бірінші тұлға қазір реестрге кіргізілді. Ол бойынша Бас прокуратураның арнайы комитеті тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр. Ал министрліктің жұмысына келетін болсақ, бізде офшорлық аймақтардың тізімі бекітілген. Ондай аймақтармен жүргізілген операциялар күмәнді болып саналады да, ол жерде трансферттік баға белгілеу күшейтіледі. Сонымен бірге 55 мемлекетпен қосарланған салық жүргізбеу туралы конвенция бар»,- деді министр.

Жамаубаев сонымен соңғы 1-2 жылда валюталық реттеу мен валюталық бақылау Ұлттық банктің құзыретінде болғанын айтты. Арнайы заң шықпай тұрып, Ұлттық банктің ол мәмілерге қатысты қандай да бір шара қолдануға құзыреті болмаған.

«Біз былтыр өздеріңіздің қолдауларыңызбен заңға тиісті өзгерістер енгіздік. Қазір Қаржы министрлігі осы валюталық бақылауға қосымша орган ретінде қатысып отыр. Осыған дейін Ұлттық банк тек мониторинг жүргізіп келген. Мен мұндағы негізгі тәуекел туралы айтып берейін. Мысалы, қандай да бір экспорттық импорттық операция бойынша мәміле жасалады делік. Яғни бір мемлекеттен 100 млн долларға қондырғыны Қазақстанға қою керек. Ақша жіберіледі. Қондырғы жоқ. Бұл жерде сондай жүздеген шарттар жылдар бойы жатқан. Ұлттық банктің бұл жерде тиісті құзыреті болмаған. Автоматты түрде келісім бере берген. Қазір Қаржы министрлігінің тарапынан осындай барлық шетке шығарылған қаражат бойынша сараптама жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде 400-500 миллиардқа жуық мәмілелер бойынша ақпаратты біз Қаржы мониторинг агенттігіне бердік. Олар бұл жерде қылмыстық фактілер бар ма, жоқ па анықтайды», – деді министрлік басшысы.

Министр кез-келген 50 мың доллардан асатын ақша эквиваленті бойынша операциялар қадағаланатынын айтты. Ұлттық банк Қаржы министрлігіне мұндай мәмілелер туралы ақпаратты беріп отырады. Солайша Ұлттық банк пен Қаржы министрлігі қадағалау агенттігімен сыртқа шығарылып жатқан қаражаттар бойынша бірлескен жұмыстар атқарады.

«Бізде офшорлық аймақтарға байланысты тиісті құжат бар. Тікелей ол елдермен келісімшартты арнайы комиссия әзірлейді. Олармен келісімдер жасалу үшін ол жердегі ақша мен иесі туралы қылмыстық фактілер анықталуы керек. Ондай ақшалар табылмаса, келісімшарт жасалмайды», – деді министр.

Мәжіліс кулуарында журналистер министрден 2022 жылы президент Тоқаев айтқан Қазақстанның бар байлығын уысында ұстап отырған 162 олигархтың офшордағы қаражаты туралы сұрады. Министр Президент айтқан 162 тұлға туралы білмейтін болып шықты.

«Ол адамдардың компаниялары бұл аймақта болуы да, болмауы да мүмкін. Мен оны қайдан білем?» – деп жауап берді министр.

Еске сала кетсек, елде заңсыз иемденілген активтерді қайтару жөнінде арнайы заң қабылданды. Оған сәйкес, активтердің шетелде болуы мүмкін екенін ескере отырып, Заңда соттар шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етеді. Сонымен бірге ақпарат алмасу және өзге де құқықтық өзара іс-қимылдар үшін халықаралық құқықтық ынтымақтастық тетіктері қарастырылған.

Сондай-ақ оқыңыз