Мұнай-газ учаскелерінің аукционынан түскен қаражат бастапқы бағадан 38 есе көп

Жарияланды (жаңартылды )
Фото:kursiv.media

Мұнай-газ учаскелері бойынша кезекті онлайн-аукцион аяқталды. Жоспарланған 18 лоттың ішінде аукцион 8 лот бойынша өтті (қалғандарына мүдделі қатысушылар болмады).

Сауда-саттық қорытындысы бойынша қол қою бонусының жалпы соңғы сомасы 48,5 млрд теңгені құрады. Бұл бастапқы бағадан 38 есе көп.

Ең қымбат лот – Дощан кен орны, ол үшін жеңімпаз 34,5 млрд теңге ұсынды.

«Жеңімпаздар мен бенефициарларды көрсететін аукцион қорытындыларының ресми хаттамасын күтеміз»-делінген Nrg_monitor телеграм арнасында.

«8 мұнай-газ учаскесі бойынша аукцион жеңімпаздары белгілі болды. Ақтау қаласының 31 жастағы арнайы киім өндірушісі Қадыров Мұрат барлығымызды таңқалдырды. Ол Дощан кен орнына 30,5 млрд теңге бөлуі қажет. Мұнайшылардың ішінен бұл жолы тек KUSTO Group қатысады. Егер Қадыров белгіленген мерзімде 30,5 млрд теңге төлемесе, онда мемлекет 186 млн теңге мөлшерінде кепілдік жарнаны ұстайды»-делінген Nrg_monitor телеграм арнасында.

Аталмыш аукцион e-qazyna.kz порталында өтті. Ал өткен аукционның нәтижесі traderesources.gosreestr.kz сайтында жарияланды.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылғы 14 желтоқсанда сағат 10:00-де электрондық аукциондар операторының e-qazyna.kz сайтында жер қойнауын пайдалану құқығын беруге электрондық аукцион өтеді деген хабарлама жарияланған еді. Бұл туралыҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

2023 жылғы 11 қазанда электрондық аукционға шығарылған 18 учаскенің 8 учаскесі бойынша аукцион 14 желтоқсанда өткізілетін болады, ал қалған 10 учаске бойынша «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) нормаларына сәйкес қатысушылардың ең аз санының болмауына байланысты жер қойнауын пайдалану құқығын беру аукционы өткізілмейді.

Сондай-ақ оқыңыз