KEGOC АҚ биылғы 11 айдағы қызметінің нәтижелерін таныстырды. Жиында Акционерлік қоғамның Қаржы және есеп жөніндегі басқарушы директоры Айгүл Әкімбаева өткен кезеңнің қорытындыларымен бөлісті.
«2023 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша «KEGOC» АҚ 20,2 млрд теңге немесе таза пайданың 87% мөлшерінде дивидендтер төледі. Бекітілген дивидендтік саясатқа сай таза пайданың кемінде 60%-ы дивидендтер төлеуге жұмсалады», – деді спикер.
Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің жүйелік операторы акционерлеріне дивидендтерді жылына 2 рет төлейді.
Жалпы алғанда Акционерлік қоғам биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша 36,1 млрд теңге таза пайда тапқан. Көрсеткіш былтырғы жылдың сәйкес кезеңінен 24,8% жоғары.
«2022 жылдың 11 айында таза пайда 29 млрд теңгені құрады. Көрсеткіш 2023 жыл ішінде күтілген 31,5 млрд теңге таза пайда деңгейінен асып түседі», – деді «KEGOC» АҚ Қаржы және есеп жөніндегі басқарушы директоры.
Айгүл Әкімбаеваның айтуынша, 2023 жылдың 11 айында өндірістік және қаржылық көрсеткіштер тұрақты өскен. Оған мысал 2023 жылдың қаңтар-қараша айларында негізгі қызметтен түскен табыс. Көрсеткіш 220,9 млрд теңгені құраған. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,8 млрд теңге жоғары.
Табыс қандай факторларға байланысты артты?
«Негізінен табыс көрсетілетін қызметтер көлемінің өсуі есебінен ұлғайды. Мәселен, Қазақстан бойынша электр энергиясын тұтыну 2023 жылдың 11 айында 104,0 млрд кВтсағатты құрады, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2,1%-ға артық. Электр энергиясын жеткізу бойынша қызметтер көлемі 37,5 млрд кВтсағатты, Ұлттық электр торабын пайдалану қызметі бойынша – 29,0 млрд кВтсағатты құрады», – деп түсіндірді спикер брифинг барысында.
Бұған қоса 2023 жылы KEGOC бірқатар ірі инвестициялық жобаларды іске асыруды бастаған. Оның ішінде Батыс аймағының электр желісін күшейту жобасы бар.
Атап айтқанда, «KEGOC» АҚ филиалдарының 220-500 кВ әуелік электр жеткізу желілерін реконструкциялау (үш кезең)», «Қазақстан БЭЖ Оңтүстік аймағының электр желісін күшейту» және «Батыс Қазақстанның энергия жүйесін Қазақстан БЭЖ-імен біріктіру» жобалары бар.
«Қараша айында компания «Қазақстан БЭЖ Батыс аймағының электр желісін күшейту» стратегиялық маңызды жобасын сәтті аяқтады. 220 кВ жаңа электр жеткізу желілерін енгізудің арқасында өңірдің мына учаскелерінде электр желілерінің өткізу қабілеті екі есеге: «Правобережная-Индер» қазіргі 100 МВт орнына 200 МВт-ға дейін және «Бейнеу-МАЭК» шамамен 200 МВт-ға дейін артты. Бұл республиканың Батыс облыстарының тұтынушыларын электрмен сенімді жабдықтауды қамтамасыз етуге де оң әсер етеді», – деп түсіндірді компанияның басқарушы директоры.
Еске сала кетсек, 2023 жылдың 26 сәуірінде Үкіметте KEGOC акцияларының бір бөлігін SPO арқылы бәсекелес ортаға шығару мәселесі талқыланды. Ал қараша айында Қазақстан қор биржасы (KASE) мен «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасында (Astana International Exchange, AIX) компания акциялары қайта орналастыруға (SPO) шығарылды. Оның қорытындысы бойынша «Самұрық-Қазына» АҚ үлесі 85%-ға дейін қысқарды.
Қайта орналастыру нәтижесінде жалпы сомасы 34,8 млрд теңгеге 50 мыңнан астам өтінім қабылданды. Осылайша, сұраныс жоспарланған орналастыру көлемінен 1,5 еседен астам асып түсті.
KEGOC АҚ Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің жүйелік операторы функцияларын орындайды, Ұлттық электр желісінің (ҰЭЖ) активтерін иеленеді және басқарады. Негізгі қызмет түрлері табиғи монополия саласына жатады. Кәсіпорынның балансында ұзындығы 27 мың шақырымға жуық кернеуі 220-1150 кВ электр беру желілері және 82 электр қосалқы стансасы бар.
10 қараша күні KASE алаңында екінші рет орналастырылған KEGOC акцияларының қайталама саудасы басталды. Сауда бастала салып компанияның бағалы қағаздары біршама қымбаттап, әр акциясы 1540-1550 теңгеден сатылды. Бұған дейін KEGOC АҚ компаниясы Қазақстан қор биржасының (KASE) ақпараттық бағанында орналастырылатын акция саны мен оның құны туралы ақпарат ұсынды.