Ресей Көкшетау, Семей мен Өскемен қалаларында ЖЭО салу үшін қаржыны қайдан алады?

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Ресей ЖЭО-ны қандай шарттармен салады? Фото: shutterstock

Ресей еліміздің үш қаласында көмірмен жұмыс істейтін 3 ЖЭО салады. Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында көмір ЖЭО салу туралы ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы келісім жария талқыға шықты. Келісімге сәйкес, жылу орталықтарының құрылысына қажет қаржыны Ресейден қарызға аламыз.

Құжатты ашық талқылау 28 желтоқсанға дейін жалғасады.

«Осы Келісім Тараптардың ынтымақтастық шарттарын Қазақстан Республикасының аумағында Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында көмір жылу электр орталықтарын салу жобаларын іске асыру бойынша (бұдан әрі –жобалар), жобалау, дайындау бойынша жұмыстарды орындауды қоса алғанда жобалардың әрқайсысы үшін талап етілетін және келісілген көлемде, сондай-ақ жеңілдікті (субсидияланған) қаржыландыруды немесе мемлекеттік экспорттық кредитті ұйымдастыру бойынша барлық талап етілетін жобалармен жүйелермен, ғимараттармен және құрылыстармен жаңа электр станцияларын салу және пайдалануға беру бойынша айқындайды», делінген құжатта.

Жобаға кім жауапты?

Бұл келісімді орындау жөніндегі қызметті үйлестіру және оның орындалуын қос елдің Энергетика министрліктері бақылайды.

Үш ЖЭО-ны салуға тапсырысты Қазақстан тарапынан «Самұрық-Энерго» береді.

Ресей тарапынан – Бас мердігер ретінде «Интер РАО» компаниялар тобына кіретін және өзінің қосалқы мердігерлері ретінде тиісті ұйымдарды тартуға құқылы «Интер РАО – Экспорт»ЖШС таңдалған.

Жобаны жүзеге асыру үшін «ИНТЕР РАО – Экспорт» ЖШС келісімшарт аясында мамандандырылған жобалау компаниясын құруға, ал «Самұрық-Энерго» тапсырыс берушінің функцияларын орындау үшін өзіне үлестес мамандандырылған жобалау компаниясын құруға құқылы.

Жоба қалай жүзеге асады?

Жобаларды жүзеге асыру негізгі 3 кезеңнен тұрады:

  • № 1 кезең – электр станцияларын кейіннен қатты отыннан табиғи газға ауыстыру мүмкіндігін ескере отырып, жобалардың әрқайсысы бойынша қажетті сараптама жүргізе отырып, жобалау құжаттамасын әзірлеу;
  • № 2 кезең – жұмыс құжаттамасын әзірлеу, жабдықтар мен материалдарды жеткізуді жүзеге асыру, құрылыс-монтаждау және іске қосу-баптау жұмыстарын орындау, осы Келісімге қол қойылған күні Ресей Федерациясының аумағында қолданыстағы нормалардың талаптарына сәйкес қазандық қондырғыларының экологиялық көрсеткіштерін қамтамасыз ете отырып, генерациялайтын жабдыққа қатысты қызметтер көрсету;
  • № 3 кезең – жұмыс құжаттамасын әзірлеу, жабдықтар мен материалдарды жеткізуді жүзеге асыру, құрылыс-монтаждау және іске қосу-баптау жұмыстарын орындау.

Жаңа жылу электр орталықтары пайдалануға бергеннен кейін тапсырыс беруші электр станцияларын пайдалану және техникалық қызмет көрсету жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес (егер басқа пайдаланушы ұйымды қазақстандық тарап белгілемесе) техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асырады.

3 ЖЭО құрылысына қаржы қайдан алынады?

Жобаларды қаржыландыру үшін «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамына үлестес жобалық-қарыз алушы компания мен ресейлік қаржыландыру ұйымдары арасында жеке келісім жасалады.

Жобаны қаржыландырудың шарттары мен параметрлерін Қазақстан тарапынан Уәкілетті ұйым және ресейлік қаржыландыру ұйымдары айқындайды.

Жобаның бірінші кезеңі «Самұрық-Энергоның» өз қаржысына жүзеге асса, 2 және 3-кезең үшін Ресейден қарыз алынбақ. Бұл қарыздың уақтылы қайтарылатынына «Самұрық-Қазына» мен ел үкіметі кепіл болады.

Келісім тарихы

Ресей Қазақстанға үш ЖЭО салып беретіні қараша айының басында нақты жарияланды. Бұл туралы Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумында Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұмағарин мәлімдеген.

Осы форум аясында Қазақстан мен Ресей Президенттерінің келіссөзі нәтижесінде қос елдің энергетика министрлері Алмасадам Сатқалиев пен Николай Шульгинов Көкшетау, Семей және Өскеменде жылу электр станцияларын салу туралы келісімге қол қойды. Құжат үш жылу электр станциясында жаңа энергоблок салудан бөлек, Қазақстан Республикасының аумағында генерациялаушы қуаттарды жаңғырту және салуға бағытталған басқа да перспективалық жобаларды әзірлеуді қамтиды.

Меморандумға қол қойылғаннан кейін Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр журналистерге тиісті құрылымдар Көкшетауда 2024 жылы жылу электр орталығының құрылысын бастайтынын түсіндірді. Ол қазақстандық жылу электр станцияларының бәрінде осындай қондырғы бар екенін атап өтті.

«Энергетика министрлігі Семей, Көкшетау және Өскеменде үш ЖЭО салу туралы тиісті меморандумға қол қойды. Көкшетау ЖЭО-да техникалық-экономикалық негіздеме дайын, тиісті құрылымдар ЖСҚ әзірлеуге, келісімшарттарға кіріседі. Бұл келесі жылы жүзеге асырылады. Бұл үш қалада ЖЭО мүлдем жоқ. Семей мен Өскемен жылу электр орталықтарының техникалық-экономикалық негіздемесі әлі әзірленбеген», – деді Скляр.

Өз кезегінде Сәтқалиев Көкшетауда жылу электр орталығының құрылысы шынымен де келесі жылы басталуы мүмкін екенін растады. Бұл ретте ресейлік тарап көмір стансаларын салуға ғана емес, сонымен қатар қаржыландыруға да дайын екені айтылды.

Сол кезде Қазақстандағы 3 ЖЭО-ны ресейлік «Интер РАО» салатыны белгілі болды.

Холдинг құрамындағы «Интер РАО – Экспорт» бұл жобаларға ЕРС-мердігер ретінде қатысып, жобалау, материалдық-техникалық қамтамасыз ету және құрылысты басқарумен айналысады.

Энергетика министрлігінің хабарлауынша, «Семей қаласында ЖЭО-3 құрылысы» жобасы қазіргі уақытта ТЭН әзірлеу сатысында тұр. Оның сметалық құны мен техникалық параметрлері әлі белгісіз. ЖЭО жобасы жыл соңына дейін дайын болуы тиіс.

«Көкшетау қаласында ЖЭО құрылысы жобасы бойынша қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздеме бар, оған сәйкес жобаның сметалық құны 389 млрд теңгені құрайды. Жеке инвесторларды тарту мақсатында тендер өткізу арқылы Көкшетау қаласында ЖЭО құрылысын іске асыру әрекеттері жүзеге асырылған болатын. Алайда тендерлер ( 4-31 қаңтар және 13 ақпан мен 15 наурыз аралығында) өтінімдердің болмауына байланысты өткізілмеген», – делінген хабарламада.

Өскемен қаласындағы «ЖЭО-2 салу» жобасына Ертіс өзенінің сол жақ жағалау бөлігін 100% орталықтандыруға, ал оң жағалау бөлігіне қатты отын негізгінде қарастыру жоспарланған. Толық жоба келесі жылы дайындалатын болады.

Айта кетейік, «Интер РАО» «Екібастұз» ГРЭС-2 акцияларының 50 пайызын 10 жылдан астам иеленген еді. Станция акцияларының қалған жартысына иелік ететін «Самұрық-Қазына» 2019 жылы ресейлік компанияның үлесін 25 миллион долларға сатып алған.

Сондай-ақ оқыңыз