Жаңалықтар

Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей әуе рейсі қашан ашылады?

АҚШ-қа тікелей әуе рейсі қашан ашылады? Фото: Depositphotos/LyazaTretyakova

Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей әуе рейсі 2025 жылы ашылуы мүмкін. Бұл туралы Air Astana компаниясы инвесторлармен байланыс бөлімінің басшысы Ирина Мартинес мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2023 жылы Сингапур, Куала-Лумпур, Токио бағытындағы жаңа әуе рейстері ашылған. АҚШ бағытындағы әуе рейсінің ашылуы сыртқы нарықтағы факторлар мен әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты болмақ. Компания бұл бағыттағы коммерциялық пайданы есептеп, борттағы жүктемені талдап барып 2025 жылы ашуды жоспарлап отыр.

Желтоқсан айының басында әуе компаниясына билет бағасын көтергені үшін 900 миллион теңге айыппұл салынғаны белгілі. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі прокуратура органдарымен бірлесіп Air Astana әуе компаниясын тексерген

Тексеріс кезінде ұшақ билеттерін ұшу күні немесе таяу күндерде сатып алған кезде Air Astana әуе компаниясы жолаушылардың барлық санаттынан 3500-ден 6500 теңгеге дейінгі мөлшерде жанармай алымын негізсіз алып, оны қолданудың мақсаты мен қағидатын іс жүзінде өз қалауынша реттегені анықталды.

Осы ретте Air Astana Group президенті Питер Фостер салынған айыппұлдың «астыртын мәні бар» болғанымен, түйкілді мәселе компания үшін сәтті шешілгенін айтады.

«Айыппұлдың өзіне келер болсақ, оның тарихи астыртын мәні бар, осы уақытқа дейін жолаушылардан алынып келген жанармай алымына байланысты. Бұған дейін бұл мәселеге қатысты көп нәрсе айтылды. Мен тек бұл мәселе сәтті шешілгенін айта кеткім келеді. Түйткілді мәселенің шешімін тапқанына қуаныштымыз», – деді ол.

Тариф мәселесінде Фостер былтыр компания кірісі жоғары болғанымен, әуе компаниясының кіріс маржасы тек 7 пайызды құрады деп отыр

«Халық әуе билеттері арзан болғанын қалайтынына қарамастан, біз табысты компания болып қалуымыз керек. Бұл екі мәселеде баланс ұстауға барынша тырысып жатырмыз. Осы ретте жолаушыларға сапарын барынша ерте жоспарлап, билетті арзанырақ алуға кеңес беремін», -деді ол.

Air Astana-ның биыл 9 айдағы кірісі күрт өсті. Компанияның қаңтар-қыркүйек айларындағы жалпы түсімі мен өзге де кірісі $900,6 млн құраған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 20,5%-ға артық. Былтыр 9 айдағы кіріс $747,2 млн болған.