Мемлекет автопарктерді субсидиялауды тоқтатқан жағдайда такси жүргізушілер Қазақстанның бірнеше қаласында ереуілге шығуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Алматыда өткен баспасөз конференциясында Такси жүргізушілері кәсіподағының атқарушы директоры Нұркен Тәжібай айтты.
«2024 жылдан бастап ұлттық экономика министрлігі алдын ала ескертусіз кенеттен (автопарктерді – ред.) субсидиялауды тоқтатпақ. Осының әсерінен автопарктер көлікті жалға беру құнын өсіруді жоспарлап отырғандарын жеткізді», – дейді Нұркен Тәжібай.
Ол министрлік бұл шешімді алдын ала зардаптарын болжамай, кәсіподақ мүшелерімен кеңеспей қабылдағанын айтты.
«Такси жүргізушілері 400 мың теңге табыс табады деген ақпарат жалған. Біздің ай сайынғы таза табысымыз 200 мың теңге көлемінде болады. Себебі күнделікті ең көп дегенде 30 мың теңге тапсақ, оның кемі 14 теңгесі көлікті жалға алуға кетеді. Мобильді жүйеге төлейтін комиссия, бензинмен өзге де шығындарды есептегенде таза табыс 10 мың теңгеге жетсе жақсы», – дейді кәсіподақ директоры.
Оның айтуынша, автопарктер көлікті жалға алу құнын өсірсе, такси жүргізушілерінің күнделікті табысы 5-7 мың теңгеге дейін кемиді.
Такси жүргізушілері субсидия тоқтатылып, автопарк жалға беру құнын өсірсе, такси тарифінің бағасын қымбаттатуды талап ететіндерін айтады.
«Біз бірнеше қалада митиң өткізуге өтініш беріп қойдық. Біздің сөзімізге құлақ асқанын қалаймыз. Үкімет орынсыз шешімінің кесірінен автопарктер жалға алу құнын өсірсе, такси жүргізуден қажетті пайда таба алмайтын адамдар көлеңкелі бизнес кетіп қалады», – деді кәсіподақ басшысы.
Ол қазіргі таңда Қазақстан бойынша такси жүргізу қызметінде 213 мың адам жұмыс істеп жүргенін айта кетті.
Айта кетейік, мемлекеттік субсидиялау аясында автопарктер 2021-2025 жылға арналған мемлекеттік бағдарламаға қатысып келген. Олар Қазақстанда құрастырылған автокөліктерді субсидияланған пайыздық мөлшерлемемен сатып алып, такси жүргізушілеріне жалға беріп отырған.
Алматы қаласының туризм жөніндегі Кеңесі аясында қаланың кәсіпкерлер палатасы жанынан жұмыс тобы құрылып, Алматы халықаралық әуежайында такси тарифтерін белгілеген еді.
Қазан айында Urban Forum қоры зерттеу жасап агрегаторларды пайдаланатын Қазақстандағы такси жүргізушісінің орташа табысы айына 493 мың теңгені құрайды деген мәлімет таратқан еді. Таксистердің ең көп табысы Астанада тіркелді-665 мың теңге, одан кейін Алматы (615 мың) және Шымкент (460 мың).
Kursiv.Media Ұлттық экономика министрлігі мен Көлік министрлігіне такси жүргізушілерінің талаптыра туралы сұрақтар жіберді.