Қару экспортына шектеу қойылуына байланысты елімізде Калашников автоматының өндірісі уақытша тоқтатылған
Қазақстанда қару-жарақ өндірісі уақытша тоқтатылған. Бұл туралы Сенат кулуарында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Азамат Бейісбеков айтты.
Вице-министр Қазақстанда қару-жарақ экспортына шектеу қойылып, өндіріс уақытша тоқтатылғанына тілге тиек етті. Сондай-ақ Қазақстанда қаруға қажеттілік шектеулі екенін ескертті.
Сенат кулуарында журналистер вице-министрден «Қазақстанда АК-74 автоматтары өндіріледі деген ақпарат шыққан. Сол қарудың өндірісі біздің елде жолға қойылды ма?» деген сұрақ қойды.
«Ақмола облысында «Тыныс» деген кәсіпорын автомат өндірісімен айналысқан. Сіз айтып отырған өндіріс сол жерде ұйымдастырылды. Алайда қазір белсенді шығарылып жатқан өнім жоқ. Өйткені нарық пен қажеттілік шектеулі. Қазіргі таңда елімізде қару-жарақ экспортына шектеу қойылғанын білесіздер. Сондықтан, өндіріс қазір уақытша тоқтатылды», – деді вице-министр.
14 желтоқсанда Сенатта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарындағы қызмет мәселелері мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы талқыланды.
Заңда қорғаныс өнеркәсібі кешеніне қатысты ұйымдарды жекешелендіру ерекшеліктері қарастырылған. Оған сәйкес стратегиялық объектілер тізбесін қалыптастыру, мемлекетке тиесілі акциялар мен қатысу үлестерін сату туралы шешім қабылдауға мемлекеттің басқаруымен «алтын акция» немесе мемлекеттің жарғылық капиталға қатысу үлесі сақталған жағдайда рұқсат ету нормалары енген. Енгізілетін нормалар мемлекеттің, осындай ұйымдардың меншік иелерінің ауысуын бақылауға мүмкіндік береді. Сенат заң жобасына 8 өзгеріс енгізіп, мәжіліске қайтарып берді.
Еске сала кетсек, депутаттар «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясының активтерін жекешелендіру мәселесін көтеріп, Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа хат жолдады. Премьер-министр өз жауабында кәсіпорындарды жекешелендіру бәсекелестікті дамыту үшін қажет екенін айтқан.
Үкімет қаулысымен Жекешелендірудің 2021 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Оған сәйкес жекешелендіруге жататын және бәсекелестік ортаға беруге ұсынылатын ұйымдардың тиісті тізбелері бекітілген. Тізімде «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ-ның 8 активі бар. Олар – «Семей инжиниринг» АҚ, «Қазақстандық авиациялық индустрия» ЖШС, «Steel Manufacturing» ЖШС, «С.М.Киров атындағы машина жасау зауыты» АҚ, «Тыныс» АҚ,» «ҚИ» 811 Автожөндеу зауыты» АҚ, «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ және «Мұнаймаш» АҚ бар.