Ұлттық банк пен Үкімет Аграрлық банк құру бастамасын жаншып тастауға тырысып жатыр – депутат

Жарияланды

Фото: parlam.kz

Депутаттар мен шаруалар Ұлттық банктің ұстанымына қарсы. Ұлттық банк пен Үкімет Аграрлық банк құру бастамасын жаншып тастауға тырысып жатыр. Бұл туралы Мәжілісте өткен дөңгелек үстел отырысында депутат Анас Баққожаев айтты.

«Депутаттар мен шаруалар Ұлттық банктің ұстанымына қарсы екенін ашық мәлімдеймін. Ұлттық банк пен Үкімет өздерінің дәлелдерімен Аграрлық банк құру бастамасын жаншып тастауға тырысып жатыр. Біз мұнымен келіспейміз. Қазақстанға келетін азық-түлік импортының көлемі 6 млрд долларға дейін өсті. Бұл өте үлкен сомма. Қазір шаруалар ақша тапшылығын сезінуде. Оның орны қалай толады? Қаржы институттарының ешқайсы тұрақты, арзан несие бере алмайды. Агробанк не шешеді? Біріншіден, біз мемлекет қана Агробанктің құрылтайшысы болсын деп отырған жоқпыз. Шаруалар, кәсіпкерлер осы банктің тең құрылтайшысы, акционері бола алады. Банк өзіне табыс табу міндетін қоймайды. Оның коммерциялық мүддесі болмайды. Бұл жерде әлеуметтік мәселе шешіледі», – деді депутат.

Анас Баққожаев өңірлерде жұмыс істейтін шаруаларға айналым қаражаты қажет екенін алға тартты.

«Олар арзан агроөнім өндіруі керек. Бұл іс ынталандырылуы тиіс. Шаруалар несие серіктестігі секілді қаражатты өздері басқарса және Агробанк жүйесінде болса, проблемалық несие аз болады, несиені қайтару көрсеткіші айтарлықтай өседі, ең бастысы Аграрлық банктің коммерциялық кірісі болмайды деп ойлаймын. Банк 2,5-3% мөлшерлемемен арзан несие беріп, шаруалардың мүддесіне жұмыс істейді», – деді ол.

Мәжілісмен «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі неге теріс қаржылық нәтиже көрсеткенін түсіндірді.

«ҚазАгро» кезінде шетелден қарыз алды. Біз ұсынып отырған Агробанк моделінде мұндай тұжырымдама жоқ. Мемлекет бюджет ресурсынан, ішкі қаржы резервінен АӨК-ті қаржыландыруға қаражат бөлуге тиіс. Ұлттық банктің елімізде мемлекеттік «Агропромбанк» деген банктің болғаны, оның банкротқа ұшырағаны, жекеменшік банктердің ауыл шаруашылығы саласын қаржыландырғаны және осы іспен «ҚазАгро» айналысқаны туралы уәжі сәтсіз мысал. Неге? Түсіндірейін. 48 банк болды. Қазір 21 банк. 27 банк жабылып қалды. Бұл Аграрлық банк қана тиімсіз емес екенінің белгісі», – деді Анас Баққожаев.

Депутат тұжырымдамада сырттан қарыз алу мәселесі қарастырылмауы керек екенін алға тартты.

«Облигациялар, еуробондтар еуро мен долларда. Кезінде «ҚазАгро» 1 млрд доллар еуробонд алды. Теңге бағамы өзгерген кезде, қарыз жүктемесі ұлғайып кетті. Олар несиеге қызмет көрсете алмай қалды. Осыдан мәселе туды. Аграрлық банктің капиталы ішкі бюджет, ішкі резерв қаражатынан қамтамасыз етілсе, ол тиісті деңгейде жұмыс істей алады», – деді мәжілісмен.

Анас Баққожаев Ұлттық банктің аргументін негізге ала отырып, қаржы моделін әзірлегендерін жариялады.

«Жүргізілген есеп Аграрлық банк бастапқы кезеңдегі инвестиция көлеміне сәйкес өз бетінше жұмыс істеп, 2,5-3% мөлшерлемемен несие бере алатынын көрсетті. Бастапқы кезеңге 150 млрд теңге қажет», – деді мәжілісмен.

Анас Баққожаевтың айтуынша, Қазақстан күні бүгінге дейін шаруаларға арзан несие беретін жүйе құра алмады.

«Біз шаруаларға 20 жылдың ішінде арзан пайызбен несие беретін жүйе құра алмадық. Оны Үкімет мойындауы керек. Қазіргі жағдай шаруалардың қаржыға деген қажеттілігін қамтамасыз ете алмай отыр. Сондықтан аграрлық банк құрып, оны шаруалардың әлеуметтік проблемасын шешуге бағыттау керек. Бүгінде «Отбасы банк» жұмыс істеп тұр. Өте арзан пайызбен несие береді. Себебі халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету керек. «Қазақстан Даму банкі» бар. Қажетті ірі инвестициялық жобаларды қаржыландырады. Осы 2 банкті құрған кезде ешқандай сұрақ болған жоқ, ал шаруаларды қаржыландыру мәселесінде Ұлттық банкте де, Үкіметте де қарсы дәлел пайда бола қалады. Бұл дұрыс емес», – деді ол.

Депутат Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкиннің Мәжілісте өткен агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру жүйесін жетілдіруге арналған дөңгелек үстелде «Қаржы реттеушісі Агробанк құруға қарсы емес» деген мәлімдесіне назар аударды.

«Ұлттық банк төрағасының орынбасары бүгін агробанктің құрылуына қарсы емес екенін айтып қалды. Бұл – ең негізгі жауап. Ұлттық банк бізге қарсы болмаса, қалғаны – Үкімет пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі», – деді Анас Баққожаев.

Айта кетейік, бүгін Мәжілісте Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин ауыл шаруашылығы саласына мамандандырылған банк құруға қай ведомство акционер болуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Бұған дейін де Агробанкті құру мәселесі бірнеше рет көтерілген. Осы орайда Ұлттық банктің қаржы ұйымдарын дамыту департаментінің директоры Батырхан Иралимов елімізде жаңа агробанк құру орынсыз екенін, практикада мұндай банктер болғанын, алайда оның жұмысы сәтті болмағанын айтқан. Сондай-ақ ол салалық банкті қолданыстағы даму институттары арқылы мемлекеттік, бюджеттік бағдарламалар шеңберінде іске асыруға болады деген.

Сондай-ақ оқыңыз