Испаниялық компания Ақтауда карбамид тыңайтқышын шығаратын кешен салады

Жарияланды
Қазақстан мен Испания
Қазақстан мен Испания карбамид тыңайтқышын шығара бастайды /Фото: Үкімет

Қазақстан мен Испания арасындағы сауда айналымы 42 пайызға артып, Испания компаниялары елімізге 300 млн доллар құйған. Бұл жайлы премьер-министр Әлихан Смайылов пен Tecnicas Reunidas компаниясының атқарушы төрағасы Хуан Лиадоның кездесуі кезінде айтылды.

Кездесу барысында екі тарап химия және мұнай-газ химиясы салаларында жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Премьер-Министр Испания Қазақстанның Еуропалық одақтағы негізгі сауда-экономикалық әріптестерінің бірі екенін атап өтіп, екі ел арасындағы тауар айналымының өткен жылы 42%-ға өскенін айтты.

Жалпы 2005 жылдан бастап Испания компаниялары Қазақстанға шамамен 300 млн доллар инвестиция құйған. Олардың ішінде Maxam, Inditex, Pronovias және басқа да испаниялық жетекші компаниялар бар. Үкімет басшысы екі ел арысындағы инвестициялық ынтымақтастық бағытында жаңа перспективалар ашылып жатқанын атап өтті.

«Біз Tecnicas Reunidas компаниясының Ақтаудағы жаңа аммиак-карбамид кешенінің жобалық құжаттамасын әзірлеу, сондай-ақ Атырау облысында полиэтилен өндіру аясында «ҚазАзот» және «ҚазМұнайГазбен» ынтымақтастығын қолдаймыз», – деді Смайылов.

Үкімет басшысы аммиак-карбамид кешенінің құрылысы жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айтты. Атап айтқанда, бұл кешен Қазақстан үшін жаңа өнім – карбамид өндірісін жолға қоюға мүмкіндік беретінін айтты. Карбамид – кез келген топыраққа жарайтын құрамында азот бар бірегей тыңайтқыш саналады.

Оған қоса, полиэтилен өндіретін ауқымды кешеннің құрылысы Қазақстан экономикасын одан әрі әртараптандыруға елеулі үлес қоспақ. Премьер министр еліміз үшін мұндай осындай жобаларды табысты іске асырудың маңызды екенін атап өтті. Сонымен бірге Үкіметтің экономиканың басым салаларында инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қажетті қолдау көрсететінін жеткізді.

Өз кезегінде Хуан Лиадо Қазақстанда бизнес үшін жасайлған қолайлы жағдайлар үшін ризашылығын білдірді.

«Біз аталған екі маңызды жоба бойынша жұмысты бірнеше ай бұрын бастадық. Ең оңтайлы шешімдерді іздеп тауып, жергілікті компаниялармен серіктестікте тиімді құрылыс жұмыстарын жүргізетінімізге сендіре аламын. Жобаларды сәтті іске асыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», – деді Tecnicas Reunidas компаниясының басшысы.

Тecnicas Reunidas – өнеркәсіптік жобаларды әзірлеп, жүзеге асыруға маманданған испаниялық компания. Қызмет еткен жылдары компания әлемнің 60-тан астам елінде 1 мыңнан астам өнеркәсіптік кәсіпорынның құрылысын жобалаған. Компания өз кеңсесін 2020 жылы Астанада ашқан. Ол елімізге 2002-2004 жылдары ҚР мұнай-газ саласындағы инженерлік жұмыстарға тартылған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз