Қорғаныс кәсіпорындарына мемлекеттен қолдау керек – Мәулен Әшімбаев
Қорғаныс өнеркәсібі кешеніне қатысты ұйымдарды жекешелендіру бойынша стратегиялық объектілер тізбесі жасалмақшы / Фото: kursiv.media
Сенатта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарындағы қызмет мәселелері мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы талқыланды.
Бұл заң бірінші кезекте экстремизмнің алдын алу мәселесін заңнамалық реттеуді көздейді.
«Қазіргі уақытта мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға терроризмнің алдын – алу, сондай-ақ терроризмнің зардаптарын барынша азайту және (немесе) жою жөніндегі қызметті ұйымдастыруда заңнамалық құзырет берілген. Ал, экстремизм мәселелері қарастрылмаған. Осыған орай, заңның негізгі мақсаты – экстремизм мен терроризмнің алдын – алу жұмыстарын жүзеге асыратын орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіру, өзара байланыс шараларын кешенді түрде қарастыру, біркелкі алгоритмін қалыптастыру», – деді депутат Ғалиасқар Сарыбаев.
Сонымен бірге заңда қорғаныс өнеркәсібі кешеніне қатысты ұйымдарды жекешелендіру ерекшеліктері қарастырылған. Оған сәйкес стратегиялық объектілер тізбесін қалыптастыру, мемлекетке тиесілі акциялар мен қатысу үлестерін сату туралы шешім қабылдауға мемлекеттің басқаруымен «алтын акция» немесе мемлекеттің жарғылық капиталға қатысу үлесі сақталған жағдайда рұқсат ету нормалары енген. Енгізілетін нормалар мемлекеттің, осындай ұйымдардың меншік иелерінің ауысуын бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге қорғаныс-өнеркәсіп кәсіпорындары қызметінің түрі мен шығарылатын өнімнің негізсіз өзгеруіне жол бермеуге ықпал етпек.
«Конкурстық негізде мемлекеттік тапсырыс мердігерін таңдауға қатысты «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» ҚР Заңына түзетулер енгізу – тапсырысты ұйымдастыру тәртібінің ашықтығын ретке келтіреді, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады және отандық қорғаныс өнеркәсібінің дамуына ықпал ететін болады», – деді депутат.
Өз кезегінде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев елімізде қорғаныс өнеркәсібі мемлекеттен аз қолданатынын айтты. Бұл жерде ұлт қауіпсіздігі мәселесі тұрғанын атап өткен ол:
«Жалпы, мемлекеттік қорғаныс кәсіпорындарының жағдайына байланысты біраз сұрақтар бар. Бізде «Қазақстан инжиниринг» компаниясы жұмыс істеп жатыр. Оның 10 шақты зауыты да бар. Бірақ енді солардың мемлекет тарапынан тапсырыс алу мәселесінде көптеген түйткілдер мен өзге де маңызды мәселелердің бар екені жасырын емес. Бұл мемлекеттік кәсіпорын. Бұл компания қорғаныс өндірісін қамтамасыз етуде өз үлесін қосып жүр. Біз енді оларды қолдаудың формалары мен форматтарын табуымыз керек деп ойлаймын. Егер де мемлекетке ондай кәсіпорындар керек болмаса, онда ашық айтуы керек «Бізге оның керегі жоқ, шетелден сатып аламыз» деп. Бірақ оған жеткізуге болмайды ғой. Өйткені елімізде өзіміздің отандық қорғаныс кәсіпорны болуы керек. Бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Біздің ойымызша ол тіпті мемлекет меншігінде болуы керек. Сол себепті осындай кәсіпорындарды қолдаудың бір жүйелі тетіктері керек болып тұр. Халықаралық істер және қорғаныс және қауіпсіздік комитеті осы мәселені пысықтап, заң аясында мемлекеттік қолдау тетіктерін ұсынса, біз мұны депутаттармен қарастыруға дайынбыз. Бірақ сіздерден бұл жерде нақты ұстаным керек. Егер нақты позициямыз болмаса, қорғаныс кәсіпорындары өзімен-өзі, мемлекеттік қорғаныс тапсырысы өзімен-өзі бөлек жүрсе, бір жүйе болмайды. Сонықтан осы бағыттарда жұмысты жаңа деңгейге шығарасыздар деп сенеміз», – деді.
Бұл заңға Сенат 8 өзгеріс енгізіп, Мәжіліске кері қайтарды.
Еске сала кетсек, депутаттар «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясының активтерін жекешелендіру мәселесін көтеріп, Смайыловқа хат жолдады. Премьер министр өз жауабында кәсіпорындарды жекешелендіру бәсекелестікті дамыту үшін қажет екенін айтқан.
Үкімет қаулысымен Жекешелендірудің 2021 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Оған сәйкес жекешелендіруге жататын және бәсекелестік ортаға беруге ұсынылатын ұйымдардың тиісті тізбелері бекітілген. Тізімде «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ-ның 8 активі бар. Олар – «Семей инжиниринг» АҚ, «Қазақстандық авиациялық индустрия» ЖШС, «Steel Manufacturing» ЖШС, «С.М.Киров атындағы машина жасау зауыты» АҚ, «Тыныс» АҚ,» «ҚИ» 811 Автожөндеу зауыты» АҚ, «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ және «Мұнаймаш» АҚ.