«ҚазМұнайГаз» ереуілге шыққан мұнайшылардың талабын негізсіз деп таныды
Ереуілге шыққан «West Oil Software» компаниясында істейтін мұнайшылардың талабын орындау мүмкін емес. Бұл жайлы «Қазмұнайгаз» компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.
11 желтоқсанда «West Oil Software» ЖШС мұнайшылары ереуілге шығып, өз талаптарын қойды. Олар «ҚазМұнайГаз» «ҰК» АҚ-ның Бірыңғай еңбекақы жүйесімен жалақыны теңестіруді, материалдық-техникалық базаны жаңартуды талап етті. Сонымен берге ҚМГ еншілес ұйымының штатына қосылуды сұрады. ҚМГ жұмысшылардың бұл талабының негізсіз екенін мәлімдеді.
«WOS қызметкерлерінің айтарлықтай бөлігі бұрын «ҚазМұнайГаз» еншілес қызмет көрсету ұйымдарының қызметкерлері болды. 2018 жылы олар «5/50» бағдарламасы арқылы жұмыс берушімен еңбек қатынастарын өз өтініштері бойынша тоқтатқан. Бағдарламада жұмыстан шыққан қызметкердің бес жылдық жалақысының 50 пайызы көлемінде өтемақы қарастырылған. Орташа есеппен бір адамға төленетін төлем мөлшері шамамен 11 миллион теңгені құрады. Осылайша, «ҚазМұнайГаз» еншілес кәсіпорындарының қызметкерлерін қайта жұмысқа алу талаптары негізсіз», – делінген хабарламада.
«West Oil Software» ЖШС «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ екі кен орнында тасымалдау қызметін көрсетеді және «Oil Transport Corporation» ЖШС-нің мердігерлік компаниясы саналады.
Ал материалдық техникалық базаның жаңартылу мәселесін ҚМГ бұл компаниялармен кездесу барысында талқыланған.
«2023 жыл ішінде WOS жұмысшылары мен кәсіподақ өкілдері «Oil Transport Corporation» ЖШС және ҚМГ басшылығымен кездесті. Бірлескен отырыстарда материалдық-техникалық базаны жаңарту талаптарын қанағаттандыру туралы шешім қабылданды. Бірақ штатты «Oil Transport Corporation» ЖШС-ден «ҚМГ» ұжымына ауыстыру туралы және Бірыңғай еңбекақы жүйесін енгізу туралы талаптар қабылданбады. Барлық қатысушы жиналыста тиісті хаттамаға келісіп. қол қойған», –деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Қазмұнайгаз осы себепті WOS жұмысшыларының талаптарын орындау мүмкін еместігін жеткізді.
«ҚМГ еншілес ұйымының штатына ауысу туралы талапты орындау мүмкін емес. WOS қызметкерлерін жұмысқа алу аймақтағы тіркелген және жұмысқа орналасу кезегін күтіп тұрған басқа жұмыссыздардың құқықтарын бұзады. Бірыңғай еңбекақы жүйесін енгізуге қатысты бұл жүйе ҚМГ компаниялар тобына кірмейтін ұйымдарға қолданылмайды. Сондықтан оны WOS ЖШС-ге қолдану мүмкін емес, өйткені кәсіпорын тәуелсіз жеке компания болып саналады. Ал көлік құралдарын жаңартуға байланысты қазіргі уақытта WOS арнайы техникалар паркін жаңарту басты мәселелердің бірі. 3 жыл ішінде 202 бірлік техниканы жаңарту бағдарламасы әзірленді», – деп мәлімдеді компания.
ҚМГ баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Oil Transport Corporation» ЖШС күніне ереуілге байланысты шамемен 25 млн теңгеге шығындалады. Бұл кәсіпорынның қаржылық жағдайына нұқсан келтіріп, тұтынушы алдындағы міндеттемелерін уақытылы орындауға кедергі келтіруі мүмкін. Сол себепті «ҚазМұнайГаз» «West Oil Software» ЖШС қызметкерлерін еңбек тәртібін бұзбауға, орындалуы мүмкін емес талаптар қоймауға және еңбек міндеттерін орындауға қайта оралуға шақырады.
Еске сала кетсек, сол күні бұл ереуілді Маңғыстау облысы Қарақиян ауданының соты заңсыз деп таныған.
10 сәуірде Жаңаөзен мұнайшылары елордаға келіп, Энергетика министрлігінің алдына жиналған еді. Оларды басты талабы – тұрақты жұмыс және лайықты жалақы болды. Онда да ҚМГ Жаңаөзенде өзге де жұмыссыздар жұмыс күтіп кезекте тұрғандықтан, олардың талабын орындау мүмкін емес деп мәлімдеген.