Жаңалықтар

АҚШ Федерал резерв жүйесінің шешімі қор нарығына қалай әсер етіп жатыр?

АҚШ Федерал резерв жүйесі кезекті шешімін қабылдайды/kursiv.media

Бүгін АҚШ Федерал резерв жүйесі кезекті шешімін қабылдайды деп жоспарланып отыр. Сарапшылар пайыздық мөлшерлеме осымен үшінші рет өзгеріссіз қалып, ақша-несие саясатын жеңілдетуге бетбұрыс та жақын арада бола қоймайды деген болжам айтады. Ал инфляция деңгейі болса 2 пайызға жақындап  қалды.

Федерал резерв жүйесі шешімінің қор нарығына да әсер етері сөзсіз. Мәселен, сәрсенбі таңы Доу Джонс өндіріс индексі, S&P 500, Nasdaq  индекстерінің өсуімен басталды. Нақты айтар болсақ, Nasdaq индексі 2023 жылғы максимум көрсеткішке жетті.

Қор нарығының құбылуы нәтижесінде бұған дейін көш бастаған  кейбір компаниялар тізімнен шығып, алдыңғы қатарға Nvidia (NVDA) қайта оралды. Microsoft (MSFT), Amazon.com (AMZN), Netflix (NFLX), Datadog (DDOG) пен Freshworks (FRSH) акциялары да кейінгі 21 күнде айтарлықтай өсті. Бір қызығы, Tesla (TSLA) акциялары кеше 3%-ға арзандады. Дегенмен бұған федерал резерв жүйесіндегі өзгерістер ғана емес, 2 миллионға жуық көлікке қатысты теріс пікір де әсер етті. Электромобиль гиганты осы ретте 7500-ге жуық көлікті автопилот қауіпсіздігінің жетіспеуіне байланысты кері қайтаратынын мәлімдеді.

ФРЖ екі күнге созылған отырысы бүгін аяқталады. ФРЖ басшысы Жером Пауелл АҚШ уақыты бойынша шамамен түстен кейін баспасөз мәслихатын өткізіп, қорытындыны жариялайды. Сарапшылар пайыздық мөлшерлемені азайту туралы шешім наурыздағы отырыста қабылданады деген ойда. Ал мамыр басында мөлшерлеме қайта көтеріледі деген де пікір бар.

CNBC агенттігі кеше Pfizer акциясының 7 пайызға төмендеп, 10 жылдағы минимум көрсеткішіне жеткенін жазады. Компания табысы Уолл стрит болжамынан да төмен болып шыққан.

Орталық банк базалық мөлшерлемені 5,25%-5,5% арасында ұстап тұрмақ, дегенмен инвесторлар ФРЖ басшысы Жером Пауелдің мәлімдемесіне басымдық беруді жөн көріп отыр. Трейдерлер жоғарыдағы мәселелермен қатар инфляция деңгейін де бақылауда ұстау керегін алға тартады. АҚШ-тың Еңбек статистикасы бюросы өндірушілер бағасы қазанда 0,4%-ға көтерілгеннен кейін, қарашада өзгермегенін айтады.

Business Insider агенттігі ФРЖ-ның ақша-несие саясатымен не істесе де инвесторларға мұқият болу керегін жазады. Агенттік мөлшерлеменің жалпы экономика мен қор нарығының бағасына үлкен әсері барын тағы бір атап өткен. Сонымен қатар ФРЖ пайыздық мөлшерлемесінің төмендеуі қарапайым азаматтар үшін де маңызды екенін жазады. Өйткені ол ипотека мен автонесиелендіру мөлшерлемелеріне де тікелей әсер етеді.

Швейцариялық UBS қаржы холдингі 2024 жылы АҚШ экономикасы рецессияға ұшырайтынын болжайды. Ал бұл Федерал резерв жүйесін пайыздық мөлшерлемелерді бірден  төмендетуге итермелейді.

The Wall Street Journal үш негізгі индекс шамамен 1%-ға өсіп, ФРЖ пайыздық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырғаннан кейін облигациялардан түсетін табыс төмендегенін жазады. Басылым инвесторлардың Жером  Пауелдің баспасөз мәслихатын күтіп отырғанын айтады. Өйткені Орталық банк өз позициясын ФРЖ қорытындысына байланысты өзгертуі мүмкін. Басылым бүгін технология гиганты Apple акциялары да рекорд жаңартқанын жазады. Ал Pfizer акциялары Covid-19-ға қарсы дәрі-дәрмек сұранысының төмендеуіне байланысты арзандаған. 

Мұнай да қымбаттады. Америка мұнайының бағасы барреліне 69 АҚШ долларын құрап отыр. Басылымның жазуынша сейсенбіде ғана мұнай бағасы осы жылы екінші рет минимум көрсеткішке түскен.