Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин IT-таланттарға Қазақстан азаматтығын жылдам берудің 2 нұсқасын жариялады. Сонымен қатар ол Astana Hub-та IT-таланттарға қызмет көрсету орталығы ашылатынын айтты.
«Президент IT-таланттарды қолдайды және оларға Қазақстан азаматтығын беруді шұғыл атқаруды тапсыра алады. Бұл – бірінші нұсқа», – деді Бағдат Мусин.
Министрдің мәлімдеуінше, IT-таланттарға Қазақстан азаматтығын жылдам берудің екінші нұсқасын Astana Hub жүзеге асырады.
«Біз Қазақстан азаматтығын тезірек алу үшін IT-таланттарға көмектесуіміз керек. Бұл үшін көші-қон полициясымен тығыз байланыс орнатып жатырмыз. Таяу болашақта Astana Hub-та IT-таланттарға қызмет көрсету орталығы ашылады. Осы жерде көші-қон полициясы азаматтарды қабылдайды. Бұл бағытта әлем елдері де жұмыс істеп жатыр. Біз IT-таланттарға жайлы жағдай жасау үшін көші-қон полициясымен бірлесіп, «жұмсақ тәсілге» жүгінуді жөн көрдік», – деді Бағдат Мусин.
Цифрлық даму министрі IT-таланттар Қазақстанға өздерімен бірге мықты мамандарды алып келетініне назар аударып, мұның қандай пайдасы бар екенін түсіндірді.
«Қазақстанға IT-таланттардың келуі IT-индустрияны ғана емес, экономиканы да алға ілгерілетеді. Өйткені мұндай адамдар 10 мың доллардан артық ақша табады. Олар тапқан табыстарын біздің елде жұмсап, біздің елде жарата бастайды. Яғни біздің экономикамызға ақша құйылады. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді. Қазақстанда Арсен Томский сияқты азаматтардың көп болуы үшін еңбек ете береміз», – деді Бағдат Мусин.
Естеріңізге салайық, inDrive такси қызметінің негізін қалаушы және бас директоры Арсен Томский Қазақстан азаматы атанды. Бұл туралы Арсен Томский 2 желтоқсанда Алматыда inDrive ұйымдастырған Alternativa Film Awards халықаралық кинофестивалінде сөйлеген сөзінде мәлімдеді.
«Мен Қазақстан азаматтығын қабылдадым. Ел басшылығына сенімдері мен шақырулары үшін бүкіл Қазақстан мен оның тұрғындарына inDrive-ге екінші үй болғанына алғыс айтқым келеді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинге inDrive компаниясына Қазақстандағы компанияны біріктіру және бейімдеу барысында үздіксіз қолдау көрсеткені үшін ерекше алғыс айтамын», – деді Арсен Томский.