5000 астам жолаушы жолда қалды: Жамбыл облысында ТЖ жарияланды
Жамбыл облысында 11 жолаушылар пойызы жолда қалған. Олардың әрқайсысында 500-700 жолаушы бар. Аймақта жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.
Облыс аумағында қарлы боранда жолда қалған көліктердің саны әлі нақтыланған жоқ.
«Қатты жел мен қардың салдарынан Шу ауданында электр желілері үзіліп, тірек тіректері құлады.Төтенше жағдай салдарынан «Шу Отар» учаскесінде 11 жолаушылар пойызы тоқтап тұр, олардың әрқайсысында орташа есеппен 500-700 адамнан бар. 12 жүк пойызы өз уақытынан кешігуде», – деп хабарлайды өңір әкімдігі.
Облыстың 4 ауданының 32 елдімекенінде 8 882 абонент электр қуатынан ажыратылған. Қазіргі кезде желдің жылдамдығы секундына 45 метрге дейін жеткен.
Өңірде 12 желтоқсаннан бастап ауа райы күрт бұзылып, республикалық маңызы бар «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының «Тараз-Алматы» бағыты бойынша және облыстық маңызы бар бірқатар жолдарда көлік қозғалысы тоқтатылған.
13 желтоқсанда облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасымен өңірлік жедел штаб құрылған.
14 желтоқсан кешкі сағат 23.00-ге дейін 1279 адам құтқарылып, эвакуацияланып, Қордай ауданындағы 6 жылыту пунктіне орналастырылған.
Алдағы күндері «Қазгидромет» РМК болжамына сәйкес 30 м/с қатты жел ұйытқуы сақталады.
ҚазАвтоЖол ауа райының бұзылуына байланысты 12 республикалық маңызы бар автожол қозғалысына шектеу енгізген. Шектеу енген негізгі жолдар қатарында Алматы – Тараз автожолы да болған еді.
Еске сала кетсек, Астанада күн суытып, қолайсыз ауа райына байланысты 5 желтоқсанда ірі тас жолдары жабылып, мектептер қашықтан оқытуға көшірілді.
Күн оңтүстік өңірлерде де суытып қар қалың түседі. «Қазгидромет» РМК Алматыда дауылды ескерту жариялады. Осыған орай Алматы қаласы ТЖД алматылықтарды тауға шықпауға шақырды.