10 млн га ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды
Пайдаланылмай жатқан және заңнаманы бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы 10 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
Үкімет хабарламасына сәйкес, жерді мемлекетке қайтару ісі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында айтылып, тапсырма берілгеннен кейін жүзеге асқан.
Жолдаудағы мәселелерді шешу мақсатында арнайы комиссия құрылған. Оның құрамына құқық қорғау органдарының, министрліктер мен әкімдіктердің өкілдері кірген.
«Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде пайдаланылмай жатқан және заңнаманы бұза отырып берілген 10 млн гектар ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды. Сондай-ақ жайылымдық жер тапшылығы мәселесінің өзектілігін ескере отырып, қайтарылған жерлерді тиісті елді мекендерге бекіту арқылы басым тәртіппен шаруалардың қажеттіліктері үшін берілуде», – делінген Үкімет хабарламасында.
Қазақстанда жер ресурстарының ашықтығын қамтамасыз ететін Жария кадастрлық карта құрылады. Енді бос жатқан жер телімдері туралы ақпарат ашық болып және оны жария картадан таңдауға болады.
Осыған дейін тамыз айында игерілмей жатқан немесе жекенің қолына заңсыз өтіп кеткен 7,8 млн га ауыл шаруашылығы жері мемлекетке қайтарылғанын жазған едік.