Блогерлер жарнамалаған тағамға биологиялық белсенді қоспа шығаратын компанияға айыппұл салынды

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің редакторы

Алматы облысы прокуратурасы интернетте талдау жүргізіп, танымал блогерлер, спортсмендер және әртістердің парақшаларында, тағамға биологиялық белсенді қоспалардың қасиеттерін асыра сілтеумен жарнама таратылып отырғанын анықтаған.

Прокуратура ақпаратына сәйкес, «NEOSAUMAL, SAUMAL» сублиматтау әдісімен құрғақталған бие сүті қант диабетін, онкологиялық және басқа ауруларды емдейтін бірегей өнім ретінде жарнамаланған. Алайда мемлекеттік кірістер департаменті өнім жарнамасының растығын тексеріп, SAUMAL тағамға биологиялық белсенді қоспа ретінде жалпы нығайтушы, иммундық ынталандырушы, тыныштандырғыш өнім ретінде тіркелгендігін анықтаған. Яғни оның ешқандай емдік қасиеті жоқ және жоғарыда көрсетілген ауруларды емдемейді.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 56-бабының 2-бөлігіне сәйкес биологиялық қоспалардың жарнамасы анық болуы керек және жарнама кезінде тұтынушыға жалған ақпарат беруге болмайды.

«Кодекстің 56-бабының 3-тармағының 11) және 13) тармақшалары бойынша жарнамада қант диабетін, онкологиялық және басқа ауруларды емдеу тәсілдерін, ББҚ-ларды бірегей, барынша қауіпсіз және тиімді ретінде ұсынуға тыйым салынған. Осылайша, компания азаматтардың сенімін теріс пайдалана қоймай, көрінеу жалған жарнаманы тарату арқылы әкімшілік құқықбұзушылық жасаған», –делінген хабарламада.

Тексеруден кейін SAUMAL өндірушісіне әкімшілік кодекстің 157-бабы (Көрiнеу жалған жарнама) бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 175 АЕК көлемінде (603 750 теңге) айыппұл салынған. 

Маусым айында Үкімет жиынында тұтынушы құқығын қорғау жөніндегі Омбудсмен институтын енгізу ұсынылды. Ол проблемалар мен шағымдарды реттеудің негізгі үйлестірушісі болуға тиіс. 

Сондай-ақ оқыңыз