Жаңалықтар

Интернет гигиена сақтау керек: Министр тарифтің қымбаттауы туралы

Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин қазақстандықтарды интернет гигиена сақтауға шақырды. Ол 25 гб интернет қолдану шамадан тыс деп есептейді.

Астанада өткен Цифрлық даму министрлігінің журналистерге жыл қорытындысы бойынша есеп беруі кезінде министр Бағдат Мусинге журналистер «мобильді операторлардың лимитсіз тарифті алып тастауы және максималды түрде 25 гб беріп, тариф бағасын қымбаттатқаны жайлы» сұрақ қойды. 

«Тариф бағасын неліктен көтергендері туралы жауап бере алмаймын. Бірақ егер 25 гб жетпейтін болса, ол адам шамадан тыс интернет қолданатын шығар. Себебі бұл өте ауқымды мөлшер. Мен операторлардың тарифті бұлай өзгерткенін қолдамаймын», –деді министр.

Сонымен қатар, ол тарифтің көп бөлігі халықаралық әлеуметтік желілер мен видео-хостингтерге кіруге пайдаланылатынын атап өтіп, желіні көп пайдаланудың зияны да көп екенін айтты.

«Азаматтар интернет гигиенаны сақтауы керек деп есептеймін. Оператор тарифке берілген ақшаны өзі алып қоймайды. Оны халықаралық трафикке төлейді. Оған қоса, трафиктің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құрылғылар жұмысы да бар», – деді министр.

Айта кетейік, осы брифинг кезінде Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин «Курсивке» жасалған кибершабуылдар себебін анықтап, оларды азайтуға көмектесетінін айтты.  

Бағдат Мусин бұған дейін, министрліктің құзыретіне тарифтерді реттеу жұмыстары кірмейтінін мәлімдеген еді.

Қандай нарықта тарифтер басқарылуы керектігі айтылған арнайы заң бар. БҚДА қайтадан тарифтердің мемлекеттік басқаруға өткізу туралы ұсыныс жасады. Егер БҚДА солай жасаған дұрыс деп санаса, біз бұл жағдайды талдап, қарастыратын боламыз. Дұрыс айтасыздар, ашық, таза бәсекелестік болуы керек. Тек әділ бәсекелстік қана әділ баға қоюға мүмкіндік береді. Сол мақсатта Үкімет «Самұрық-Қазынаға» бір мобильді операторды «Қазақтелеком» құрылымынан шығарып, жеке нарыққа жіберу туралы талап қойып отыр. Өйткені тек жеке нарық қана әділ тариф орнатуға жол ашады», – деген еді министр.

Дегенмен, ол байланыс операторларын қазақстандықтарды ықтимал ақаулар туралы ескертуге міндеттейтін заңнамаға түзету енгізу қажет екенін айтқан болатын