Қожамжаровтың қарамағында жұмыс істеген шенеуніктер «Қорғас ісі» бойынша тергеуге ілінді – Бас прокуратура
Бұрынғы бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың қарамағында жұмыс істеген шенеуніктер «Қорғас ісі» бойынша тергеліп жатыр. Бұл туралы Курсивтің ресми сауалына жауап берген Бас прокуратура өкілі хабарлады.
«Бас прокуратура ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі арнайы департаментінің бұрынғы басшысы Мәдиев Ұ. (Ұлан – ред.) және өзге азаматтарды қылмыстық тергеуге алды»,– делінген ресми жауапта.
Бұған қоса, прокуратура Мәдиевтің 2023 жылы 9 желтоқсанда Алматы қаласы мамандандырылған сотының шешімімен қамауға алынғанын атап өтті.
Айта кетейік, тергеуге алынған Ұлан Мәдиев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінде экс-прокурор Қайрат Қожамжаровтың қол астында жұмыс істеген.
Астанадағы Республикалық бас мешітте Болат Назарбаевтың рухына бағышталған астан кейін Қайрат Қожамжаров журналистердің «Қорғас ісіне» қатысты сұрақтарына жауап беруден бас тартқан.