Жаңалықтар

Қазақстанның келесі ғарышкері ғарышқа қашан ұшады?

Фотоshutterstock

Қазақ ғарышкері ресейлік әріптестерімен бірге ғарышқа ұшуы мүмкін. Алайда қай жылы, қай күні екені белгісіз.

Журналистерге арналған брифингте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин екіұшты жауап берді.

Министрдің мәлімдеуінше, Ресеймен бірлескен жоба аясында Қазақстанның келесі ғарышкерінің ғарышқа ұшу мүмкіндігі бар. Алайда бұл шұғыл атқарылатын іс емес.

«Қазақстанның ғарыштағы зерттеуін жалғастыру үшін ғылыми институттармен бірлесіп, Халықаралық ғарыш станциясының алтыншы бағдарламасы аясында ғылыми бағдарламаны нақтылау жұмысы жүріп жатыр. Ғарышкеріміздің ғарышқа қай уақытта ұшатыны бірқатар мәселелер шешілген соң, оның ішінде ғылыми бағдарлама таңдалғаннан кейін белгілі болады», – деді Бағдат Мусин.

Министр қазақ ғарышкерінің ғарышқа ұшу мерзімін дәл қазір тап басып айту мүмкін емес екенін мәлімдеді.

«Біз ғарышкерді ғарышта болып келу үшін ғана ғарышқа жібере алмаймыз. Қазақстан ғарышкерінің ресейлік әріптестерімен ғарышқа ұшуы үшін ғылыми бағдарлама қажет. Бірнеше ғылыми бағдарлама бар. Іріктеу комиссиясы жұмыс істеуі керек. Ғылыми бағдарлама бекітілгеннен кейін ғарышкер таңдалады. Біз нақты мерзімді айта алмаймыз. Бұл жерде бюджеттік қаржыландыру мәселесі де бар», – деп түсіндірді тілшілерге Бағдат Мусин.