Жаңалықтар

5G базалық станциялары мерзімінен кеш орнатылуы мүмкін – Бағдат Мусин

Фото: ҚазАқпарат

Бағдат Мусин 5G базалық станциялары мерзімінен кеш орнатылуы мүмкін екенін айтты.
Бұған ауа райының қолайсыздығы себеп болуы ықтимал. Журналистерге арналған брифингте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі Бағдат Мусин осылай мәлім етті.

Ол базалық станцияларды орнатумен байланыс операторлары айналысатынын айтты.

«Министрлік радиожиілік береді және лицензиялық міндеттемелердің орындалуын бақылайды. Бүгінге дейін байланыс операторлары 800-ге жуық 5G базалық станциясын орнатты. Байланыс операторларының жоспары бойынша шамамен 1 мың базалық станция орнатылуға тиіс еді. Ауа райының қолайсыздығы 5G базалық станцияларын орнату мерзімін сәл кейінге шегеруі мүмкін», – деді Бағдат Мусин.


Министр байланыс операторлары 5G базалық станцияларын орнату қарқынын күшейтуге тиіс екенін атап өтті.

«Негізгі мәселе базалық станцияны орнататын орынды табудан, тұрғындармен келісуден, орнатуға рұқсат алудан туындап жатыр. Меніңше байланыс операторлары келесі жылы базалық стансаларды орнату қарқынын күшейтуі керек», – деді Бағдат Мусин.