Ат спортының көлеңкелі айналымында 500 млн долларға жуық қаражат бар – Мәжіліс депутаты
Алдағы 5 жылда Адай, Қостанай жылқысын баптайтын атбегілерге 701 млн теңге субсидия беріледі. Субсидия төлеудің ережесін ауыл шаруашылығы министрлігі дайындайды. Бұл туралы спорт бағытындағы қазақы жылқының тұқымын сақтау және өсімін молайту мәселелері жөніндегі заң жобасының таныстырылымында айтылды.
«Субсидия төлеудің ережесін ауыл шаруашылығы министрлігі заң қабылданғаннан кейін әзірлейді. Біз заң жобасы аясында 5 жылға 701 млн теңге бөлу керек деп отырмыз. Бірқатар әріптестеріміз қаражат жеткіліксіз деп жатыр. Бюджет комиссиясына шығып, қайтадан қарастыруға болады. Біз ұсынып отырған заң дұрыс қолданылатынын және нақты нәтижесі болатынын дәлелдеуіміз керек», – деді Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров.
Депутат жыл сайын 140 млн теңге субсидия төлеуді ұсынды.
«701 млн теңгеден жыл сайын 140 млн теңге бөлініп отырады. Адай, Қостанай жылқысының қазіргі саны 1 мың бастан аспайды. Міне, осы 1 мың басқа жыл сайын 140 млн теңге субсидия төлеуді ұсынып отырмыз», – деді депутат.
Заң жобасының таныстырылымында депутат Жигули Дайрабаев атбегілердің айлық жалақысы мардымсыз екенін мәлімдеді.
«Өткен күзде Ақтөбеде атбегілерді дайындайтын жерді көрдім. Қазақтың жас жігіттері жұмыс істеп жүр. Айлықтары төмен. Алатындары 70-80 мың теңге. Осыдан кейін олар спортпен қалай айналысады? Заң қабылданып, талап жазар болсаңыздар, ауыл шаруашылығына қатысты 3 университеттен факультет ашуға әрекет жасайық», – деді депутат.
Өз кезегінде мәжілісмен Қазыбек Әлішев ат спортының көлеңкелі айналымында 500 млн долларға жуық қаражат бар екенін жариялады.
«Сарапшылар ат индустриясының көлеңкелі айналымында 500 млн долларға жуық қаражат жүргенін айтады. Заң жобасына соның бәрін көлеңкеден шығаратындай норма енгізілсе деген ой бар», – деді Қазыбек Әлішев.