Ресей базалық мөлшерлемесін тағы көтерді

Жарияланды

Фото: reuters.com

Ресей орталық банкі базалық мөлшерлемені 1 пайызға көтеріп, 16% деңгейінде белгіледі. Осылайша көрші елде базалық мөлшерлеме қатарынан бесінші рет көтеріп жатыр. Бұл туралы РОБ сайтында жазылған.

Ресей реттеушісі бұл шешімін инфляция қысымы жоғары және экономика қызып кетеді деген қауіппен түсіндірген. Сонымен қатар ол көптеген сарапшының болжамымен сәйкес келді.

«Қазіргі инфляция қысымы жоғары болып тұр. 2023 жылдың соңына қарай жылдық инфляция 7,0–7,5%-ға тең болжамды диапазонның жоғарғы шегіне жетуі ықтимал. Сонымен қатар 2023 жылдағы ЖІӨ өсімі, Ресей орталық банкінің болжамы бойынша, қазан айындағы болжамнан жоғары болады және 3%-дан асады. Бұл 2023 жылдың екінші жартысында Ресей экономикасының теңгерімді өсу траекториясынан жоғары және Ресей Банкінің қазан айында болжағанынан әлдеқайда маңызды болып шықты дегенді білдіреді», делінген банк хабарламасында.

Көрші елдің Орталық банкі 2023 жылдың шілдесінен бастап ақша-несие саясатын қатаңдатуға көшті. Осының нәтижесінде бес айға жетпейтін уақыт аралығында негізгі мөлшерлемені жылдық 7,5-тен 16%-ға дейін өсірді.

Бұған дейін сарапшылар Ресейдің орталық банкі базалық мөлшерлемені бірден 100-200 базистік пунктке көтеруі мүмкін деген болжам жасаған. Сарапшылардың басым бөлігі 100 базистік пунктке көтеріп, 16 пайызға жеткізеді десе, нарық қатысушылары мөлшерлеме бірден 200 базистік пунктке артып, 17 пайызды құрайды деп пікір білдірген еді.

Сонымен қатар, Еуропа Орталық банкі пен Украина Ұлттық банкі де негізгі мөлшерлемелер туралы шешім қабылдаған. ЕОБ Басқарушы кеңесі үш негізгі пайыздық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырса, ал Украина Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені жаздан бері төртінші рет төмендетті.

Еуропа Орталық банкінің негізгі қайта қаржыландыру мөлшерлемесі, маржиналдық несие және депозит желісі бойынша сыйақы мөлшерлемесі тиісінше 4,5%, 4,75% және 4% деңгейінде өзгеріссіз қалды. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені бір пайыздық тармаққа төмендетіп, 15 желтоқсаннан бастап 15% деңгейінде белгіледі.

Сондай-ақ оқыңыз