Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев республикалық трассаларды тазалауға кедергі келтірмеу үшін жүргізушілерді жабық жолдарға шықпау туралы ескертті.
Министрліктің хабарлауынша, қазіргі таңда республиканың 6 облысында ауа райына байланысты республикалық маңызы бар автожолдар ішінара жабылған.
Аблалиевтің айтуынша Маңғыстау, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында, сондай-ақ Жетісу өңірінде көлік құралдары баяу қозғалып жатыр. Ал Жамбыл және Түркістан облыстарында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі бойынша Алматы облысынан Шымкент қаласына дейінгі учаскеде жағдай күрделі.
«Аспара елді мекенінен Отарға дейін жол толығымен жабық. Ол жақтағы ауа райы әлі де нашар. Жол тазалау жұмыстары бір уақытта екі жақтан, яғни Алматы және Жамбыл облыстарынан басталды», – деді вице-министр.
Тараз қаласынан Түркістан облысының шекарасына дейінгі учаскеде жол толығымен тазарған. Бірақ Түркістан облысы бойынша күн райы ашылмағаны себепті қозғалыс әлі ашылмаған. Бұл учаскеде әлі де тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ министрлік өкілі ескертулерге қарамастан жүргізушілердің жабық жолдарға шығып кетіп, қар құрсауында қалып жатқанын айтты. Осыған байланысты жол техникасының бір бөлігі өздерінің тікелей міндеттерімен ғана айналысып қоймай, құтқарумен де айналысады. Олар адамдар мен автомобильдерді құтқару жұмыстарын қоса атқарып жатыр.
«Жүргізушілерді уәкілетті органдар тарапынан келетін хабарландыруларға назар аударып, жергілікті тұрғындарды Жамбыл облысы бойынша жолға шықпауларын сұраймыз», – деп ескертті вице-министр.
Қар құрсауынан қанша адам құтқарылды?
ТЖМ-нің хабарлауынша қолайсыз ауа райына байланысты құтқару жұмыстары қиындаған.
ТЖМ Жамбыл облысының Жуалы және Қордай аудандарында 4096 адам құтқарылғанын хабарлады. Оның ішінде 181 бала, 39 шетел азаматы құтқарылған. Ал Тараз қаласынан Шымкентке қарай шығаберісте 400-ден астам автокөлік тұрып қалған. Қордай асуында – 60 бірлік, Благовещенкада-340 бірлік көлік кептелісте тұр. Автожолдарды тазарту жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде. Түркістан облысында 357 адам, оның ішінде 40 бала құтқарылды.
«Шымкент-Тараз бағыты бойынша Шұқырбұлақ елдімекенінің ауданында шамамен 400 бірлік техника, Шақпақ ауылының ауданында шамамен 230 бірлік техника кептелісте тұр. Олардың ішінде 1200-ге жуық адам бар. Азаматтар жылыту пунктеріне орналастырылған. Жамбыл және Түркістан облыстары әкімдерінің шешімдерімен Қордай, Шу және Түлкібас аудандарында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Жетісу облысында «Үшарал-Достық» автожолында қар құрсауынан 57 адам, оның ішінде 4 бала құтқарылды», – делінген ТЖМ хабарламасында.
Сонымен бірге Алматы және Қарағанды облыстарында іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізіліп, қолайсыз ауа райында мал жаюға және мал іздеуге шыққан үш адам аман-есен табылған.
Еске сала кетсек, ТЖМ Жамбыл облысында жолда қалған адамдарды құтқаруға Қырғызстан ТЖМ күштері көмектесіп жатқанын хабарлады. Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрлігі мамандар мен арнайы техника жіберген. Олар қазақстандық құтқарушыларға Алматы-Ташкент тас жолында тұрып қалған жүргізушілер мен жолаушыларды эвакуациялауға көмектесіп жатыр.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты Жамбыл облысында 11 жолаушылар пойызы жолда қалды. Олардың әрқайсысында 500-700 жолаушы бар. Төтенше жағдай салдарынан 11 жолаушылар пойызымен бірге 12 жүк пойызы өз уақытынан кешіккен.