Жамбыл облысында қар құрсауында қалған адамдарды құтқаруға Қырғызстан ТЖМ күштері көмектесіп жатыр

Жарияланды
қарлы боран

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметкерлері қарлы боран салдарынан жолда қалған 230 адамды құтқарды / Фото: kursiv.media

Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрлігі қазақстандық құтқарушыларға Алматы-Ташкент тас жолында қар құрсауында қалған адамдарды эвакуациялауға көмектесіп жатыр.

«Өткен тәуліктің өзінде жолдарда 4 510 адам, оның ішінде 225 бала құтқарылды. Авариялық-құтқару жұмыстарына ТЖМ, Қорғаныс министрлігі, полиция, Қазавтожол, шекара жасағының күштері мен құралдары жұмылдырылды. Бұдан басқа, Жамбыл облысына өзара іс-қимыл шеңберінде және Қырғыз Республикасына баратын 100-ге жуық автокөліктің жүріп-тұруына көмек көрсету үшін Қырғызстан ТЖМ күштері мен құралдары келді», – делінген ТЖМ хабарламасында.

Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрлігі қазақстандық құтқарушыларға Алматы-Ташкент тас жолында тұрып қалған жүргізушілер мен жолаушыларды эвакуациялауға көмектесу үшін мамандар мен арнайы техника жіберген.

112 қызметінің мәліметінше, Алға және Қордай (Қазақстан) ауылдарының арасында 150-ге жуық көлік Қырғызстанға кіре алмай қалған. Боранға байланысты жолда қалып кеткен азаматтарды эвакуациялау үшін Қырғыз Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі «Ақ-Жол» шекара заставасына 39 құтқарушы, бес бірлік ауыр техника, екі қарда жүретін көлік пен техника жіберген.

Сонымен бірге құтқару жұмыстарына «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскерилері де жұмылдырылған. Бұл жайлы ҚР Қорғаныс миистрлігі хабарлады.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметкерлері Жамбыл облысында қарлы боран салдарынан жолдарда тұрып қалған адамдарды іздестіру және эвакуациялау жұмыстарын жүргізіп жатыр»,делінген хабарламада.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының басқармасы жедел штабының шешімімен қажетті көліктер мен жеке құрам бөлінген. Олар Жамбыл облысының Шу және Қордай аудандарында төтенше жағдайдан зардап шеккендерді іздестіру және эвакуациялауға көмектеседі.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, кеше түнде гвардиялық гарнизонның әскери бөлімдері Кенен ауылына баратын тас жолдан 150-ден астам адамды, Қайнар ауылына баратын трассадан 80-нен астам адамды эвакуациялаған.

«Әскери қызметшілер түні бойы жолда қалған адамдарға көліктерімен көмек көрсетті. Зардап шеккендерді іздеу және эвакуациялау үшін 14 бірлік әскери техника, оның ішінде көп мақсатты тракторлар мен жол талғамайтын көліктер жұмылдырылды», делінген министрлік хабарламасында.

Сонымен қатар, гвардиялық гарнизонның әскери бөлімдерінің жеке құрамы санитарлық бекет пен жылу пунктерін орналастырған.

Қарлы боран

Жамбыл облысында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды

Жамбыл облысында қатты жел мен аязға байланысты табиғи төтенше жағдай жарияланды. Сәйкесінше, полицейлер кезекшіліктің күшейтілген нұсқасына көшті. Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, мыңнан астам көлік қар басқан жолдарда тұрып қалған. Ауа райының қолайсыздығына байланысты Қазақстанның Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Алматы-Ташкент тас жолы жабылған.

Еске сала кетсек, ауа райының бұзылуына байланысты Жамбыл облысында 11 жолаушылар пойызы жолда қалды. Олардың әрқайсысында 500-700 жолаушы бар.

Өңір әкімдігі қарлы боран салдарынан Шу ауданында электр желілері үзіліп, желі тіректерінің құлағананын хабарлады. Төтенше жағдай салдарынан 11 жолаушылар пойызымен бірге 12 жүк пойызы өз уақытынан кешіккен.

Кешегі күні Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі де жедел ақпарат таратты. ТЖМ көктайғақ пен боранға байланысты еліміздің 5 өңірінде республикалық маңызы бар автожолдардың жабылғанын хабарлады. Атап айтқанда республикалық автожолдардың 9 учаскесінде, облыстық маңызы бар автожолдардың 15 учаскесінде көлік құралдарының барлық түрлері үшін қозғалыс жабылды. Сонымен бірге 5 өңірде дизель отынымен жүретін жүк және жолаушылар көлігінің қозғалысына шектеу енгізілді.

Сондай-ақ оқыңыз