Бас прокуратура тауар биржалары арқылы мемлекеттік сатып алуларға мониторинг жүргізіп, нәтижесінде 1,3 млрд теңгеге жуық өрескел бұзушылықтарды анықтады. Бұл жайлы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтқан.
Атап айтқанда аукциондар жарнамасыз, тексеріссіз, «сахна артында» өткізілген. Осы орайда министр мұндай сатып алуларды мамандандырылған сауда алаңдарына көшіруді ұсынды. Ол үшін арнайы заң жобасы әзірленгенін мәлімдеді.
«Жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алулары туралы айтатын болсақ, біз мұндай сатып алуларды тауарлар мен қызметтердің тізілімімен синхрондалған мамандандырылған электронды сауда алаңдарына көшіруді ұсынамыз. Ал электрондық платформаларға тегін қол жеткізу үшін отандық өндірушілерге арналған алымдар мен төлемдерді алып тастау ұсынылып отыр. Заң жобасында биржа арқылы мемлекеттік сатып алу мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Бас прокуратура тауар биржалары арқылы мемлекеттік сатып алуларға іріктеп мониторинг жүргізу аясында жосықсыз жеткізушілермен 1,3 млрд теңгеге жуық өрескел бұзушылықтарды анықтады. Мұндай аукциондар хабарландырулар немесе тексерулер жарияланбай, сахна артында өткізілетін. Сондықтан Мемлекет басшысы алға қойған міндеттер аясында тауар биржалары арқылы мемлекеттік сатып алуды айналып өту мүмкіндігін алып тастау ұсынылып отыр», – деді министр.
Ссонымен қатар министр жосықсыз биржа қатысушылары жасанды жолдар арқылы микрокәсіпкерлік субъекті ретінде жалған құжат алатынын, бұл оларға 3 жыл қатарынан тексеріс жүргізілмеуіне мүмкіндік беретінін айтты.
«Тағы бір мәселе – тауар биржаларын жасанды түрде микрокәсіпкерлік субъектілер қатарына жатқызу 3 жылдан астам тексеруден жалтаруға мүмкіндік береді. Бас прокуратураның тексеріс жүргізуі барысында нарықтың осы сегментін тазалауға мүмкіндік туды. Солайша 21 тауар биржасының 10-ы қалды. Бұл тексеріс арқылы біз заңнаманы қайта қарап, жүйелі шараларды қолға алу қажеттігін түсіндік. Осы мақсаттар үшін заң жобасында биржаларды шағын кәсіпкерлік санатынан шығару ұсынылады. Мемлекеттік бақылау шараларына сәйкес, енді монополияға қарсы орган жол берген бұзушылықтары үшін тауар биржасының лицензиясын тоқтата тұруға және одан айыруға құқылы болады. Бұрын мұндай норма заңнамада болмаған», –дейді министрлік басшысы.