Ұлттық қордан балаларға берілетін ақшаны қайдан және қалай алуға болады?

Жарияланды
Ұлттық қордың ақшасын

Ұлттық қордың ақшасын 2024 жылдан бастап ала бастайды. Бұл қаражаты ата-аналар қайдан және қалай алады? Ең маңызды деген сұрақтарға төменде жауап беруге тырыстық.

Ұлттық қордағы қаражатты алу үшін қандай құжаттар жинау қажет?

Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков «Ұлттық қор – балаларға» жобасын жүзеге асыру тетігін түсіндірді. Темірбековтің айтуынша, жобаға қатысу үшін ата-аналарға ешқандай құжат жинаудың қажеті жоқ.

«Жобаға барлық бала қатысады. Ешқайда хабарласудың, құжат жинаудың қажеті жоқ. Барлық процесс автоматтандырылған. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Әділет министрлігімен бірлесіп, интеграциялық жұмыс жүргізеді. Бала 18 жасқа толғанға дейін қаражат Ұлттық қорда сақталады. 18 жасқа толғаннан кейін жинақталған қаражат есепшоттарға аударылады. Кейін бұл қаражатты алдын ала белгіленген мақсатта пайдалануға болады», – деді Қаржы вице-министрі.


Қаражатты қандай банктен алуға болады? «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарушы директоры Мұрат Шәріповтің айтуынша, «Ұлттық қор – балаларға» жобасын жүзеге асыруға екінші деңгейлі 9 банк ниет білдірген. Яғни ата-аналар қордың қаражатын өзіне ыңғайлы осы 9 банктің бірінен ала алады. Бұл қаражат 18 жасқа дейінгі балаларға төлем доллармен төленеді.

«Қазпошта» АҚ-дан бөлек екінші деңгейлі 9 қазақстандық банк «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын жүзеге асыруға ниет білдірді. Келісімге қол қойып, қызметтерді біріктіруді жүзеге асыру қажет. Салымшы іс жүзінде өзіне қолайлы банкті таңдай алады», – деді М.Шәріпов.

Сонымен бірге, Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбековтің айтуынша, «БЖЗҚ» АҚ-мен өзара іс-қимыл жасайтын екінші деңгейдегі банктер мен Ұлттық пошта операторы («Қазпочта» АҚ) уәкілетті операторлар болып танылады. Сондай-ақ, «Отбасы банкі» АҚ-ның білім беру төлемін жасау мен мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысу үшін шоттар ашу бойынша функционалдық мүмкіндіктері кеңейеді.

Бұл қаражатты алғаш болып кімдер алады?

Ұлттық қорда жиналған қаражатты бірінші болып 2024 жылы 18 жасқа толатын балалар алады. Қаржы министрлігі Бюджеттік кредиттеу, Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры және қаржы секторы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл департаменті директоры  Айбол Арғынғазин айтуынша, 2024 жылы 200 мыңнан астам бала 18 жасқа толып, «Ұлттық қор – балаларға» жобасынан өз қаражатын шешіп ала алады. 

Ұлттық қордың ақшасын қайда жұмсауға болады? Қорға жиналған қаржыны не білім алу, не баспана алуға бағытталған нақты 2 мақсатта пайдалануға болады. Жоба аясында жиналған қаражатты бала шетелдегі оқуының ақысына төлей алады. Алайда өзге елден баспана алуға баспанаға жұмсай алмайды. 

«Білім алу бағыты бойынша, қаражатты ЖОО оқу ақысын төлеуге немесе мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне аударуға мүмкіндік беріледі. Шетелдегі оқу ақысын төлеу де шектелмейді», – дейді Қаржы министрлігінің Бюджеттік кредиттеу, Ұлттық қор және қаржы секторы мәселелері жөніндегі өзара іс-қимыл департаментінің директоры Айбол Арғынғазин.

Егер бала бұл ақшаға тұрғын үй жағдайын жақсартамын десе, тек Қазақстандағы тұрғын үйге сала алады. Сонымен қатар оны бастапқы жарна ретінде де, ипотекалық төлем ретінде де пайдалана алады.

Ұлттық қордан балалар қанша ақша алады?

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда 18 жасқа дейінгі бала саны шамамен 7 миллион. Алдын ала болжам бойынша, 2024 жылы 18 жасқа толатын азаматтар бір жыл үшін $160–170 алады. Ал биыл дүниеге келген балалар 18 жасқа толғанда, 3,5 мың доллар алуы мүмкін. Қазірдің өзінде ата-аналар жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы 200 мыңға жуық балаға депозит ашып қойған. Депозиттері бар балалар платформадан автоматты түрде арнайы ағымдағы шот аша алады. Бұл шотты кеңесшілер мен бейнебанкинг арқылы да ашуға болады.

Сондай-ақ оқыңыз