Жамбыл облысында боранға байланысты пойыздардың жүру жылдамдығына шектеу қойылды – ҚТЖ
Ауа райының қолайсыздығына байланысты Жамбыл облысында төтенше жағдай жарияланды / Фото: kursiv.media
Ауа райының қолайсыздығына байланысты Жамбыл облысында теміржол қозғалысы баяулады. Бұл жайлы «Қазақстан теміржолы» компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша,ақ боранға байланысты теміржолдарын қалың қар басқан. Осыған байланысты тәулік бойы арнайы техникамен жол бойын қардан тазалау шаралары жүргізілген.
«Ауа райының қолайсыздығы мен нөлдік көріну жағдайында Жамбыл өңірінің теміржолшылары тәулік бойы қармен күрес жүргізуде. Осы жылғы 13-15 желтоқсан аралығында 11 мың текше метрден астам қар жиналды. Жолдарды тазарту үшін арнайы техника жұмылдырылған. Қазіргі уақытта жолаушылар пойыздарының қозғалысы қиын учаскеде қайта жанданды. Өңір теміржол учаскелерінде қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін пойыздардың жүру жылдамдығына шектеу қойылды»,делінген ҚТЖ хабарламасында.
Еске сала кетсек, ауа-райының қолайсыздығына байланысты Жамбыл облысында 11 жолаушылар пойызы жолда қалды. Олардың әрқайсысында 500-700 жолаушы бар. Сонымен бірге автожол трассасында қар құрсауында қалып кеткен көліктер көп. Осыған орай Жамбыл облысында жергілікті ауқымда табиғи төтенше жағдай жарияланды.
Өңір әкімдігі қарлы боран салдарынан Шу ауданында электр желілері үзіліп, желі тіректерінің құлағананын хабарлады. Төтенше жағдай салдарынан 11 жолаушылар пойызымен бірге 12 жүк пойызы өз уақытынан кешіккен.
Облыстың 4 ауданының 32 елді мекенінде 8 882 абонент электр қуатынан ажыратылған. Қазіргі кезде желдің жылдамдығы секундына 45 метрге дейін жеткен.
Кешегі күні Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі де жедел ақпарат таратып, көктайғақ пен боранға байланысты еліміздің 5 өңірінде республикалық маңызы бар автожолдардың 9 учаскесінде және облыстық маңызы бар автожолдардың 15 учаскесінде көлік құралдарының барлық түрлері үшін қозғалыс жабылғанын хабарлады. Сонымен бірге 5 өңірде дизель отынымен жүретін жүк және жолаушылар көлігінің қозғалысына шектеу енгізілді.
«Жамбыл облысында «Алматы-Ташкент-Термез» республикалық маңызы бар автожол учаскесінде жол қызметтері жолды қар шөгінділерінен тазарту жұмыстарын жүргізуде. Тараз қаласынан Шымкентке қарай шығуда 570 бірлік автокөлік, Қордай асуында 50 бірлік, Благовещенкада 200 бірлік жиналды. 392 адам, оның ішінде 12 бала құтқарылды. Қар тұтқындарынан 50-ге жуық бірлік автокөлік тартылды», – деп хабарлады ТЖМ.
ТЖМ хабарлауынша, қатты желмен, нөлдік көрінумен және қардың биіктігі 1 метрге дейін болғандықтан, құтқару жұмыстары қиындайды. Осыған байланысты министрлік дауылды ескерту кезеңінде алыс сапарларға шықпауға, алыс қашықтыққа жаяу жүруден бас тартуға кеңес берді.