Маңғыстауда West Oil Software жұмысшылары 6 күн бойы наразылық акциясын өткізуде
Маңғыстау облысында West Oil Software компаниясының жұмысшылары 11 желтоқсаннан бері ереуіл өткізіп жатыр. Олардың басты талабы – аталмыш компанияны «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының меншігіне қайтару.
Азаттық радиосының жазуынша, жұмысшылар үш талап қойған: West Oil компаниясын «ҚазМұнайГаздың» балансына қосу, бірыңғай төлем жүйесін енгізу және материалдық-техникалық базаны жаңарту.
Ереуілге қатысушылардың сөзінше, 6 күн ішінде 19 жұмысшы жұмыстан қуылған. Наразылыққа шамамен 500 адам қатысып жатыр.
Власть басылымына сұхбат берген ереуілге қатысушы азамат «ҚазМұнайГаз» 2024 жылы 70 техниканы жаңарту міндетін алғанын, ал осы ереуілден кейін оларға 202 техниканы жаңартып беретінін айтқан. Алайда жұмысшылар кәсіпорын ҚМГ меншігіне өтпесе, техника жаңармай қалады деп алаңдауда.
«Кәсіпорынды ұлттық компанияға қайтарсын. Жеке компания тек өз қалтасын ойлайды», – деген ереуілдеушілердің бірі.
2022 жылы қазанда West Oil Software жұмысшылары осы талаптарды тағы көтерген. Бірақ сол кезден бері олардың дауы әлі жалғасып келеді.
2018 жылы Бозащы технологиялық транспорт басқармасы «БозащыТрансҚұрылыс» және West Oil Software компанияарына сенімді басқаруға берілген.