Еліміздің әр аймағында күн суытып, қар жауғанда Түркістан облысының бағбандары лимон жинауға кірісті. Тропикалық жеміс өсіріп, оны жерсіндірген кәсіпкерлердің бірі – Айдар Сайдазимов. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті «Аграрлық» факультетінің 4-курс студенті бұл ісін 2017 жылы бастаған. Жас кәсіпкер Kursiv.kz порталына берген сұхбатында жылыжай бизнесін қалай бастағаны, лимон өсірудің ерекшелігі, жылдық табысы туралы айтып берді.
– Айдар, мұндай шаруашылық ашу кімнің идеясы? Студенттік стартап па, әлде ата-ана мұрасы ма?
– Біздің жылыжай Түркістан облысы Ордабасы ауданы Қажымұқан ауыл округінде орналасқан. «Елнұр-Айдар» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі деп аталады. Отбасылық кәсібіміз. Мұның бәрін жолға қоюға ата-анам көмектесті, кейін ағам екеуміз жүргізе бастадық. 2017 жылдан бері тропикалық жемістер және өсірумен айналысып келеміз. Жалпы қожалығымыздың аумағы 5 гектар. Оның жарты гектары жылыжай, үш гектар күздік алма, бір гектар жаздық алма және өзіміз үшін жарты гектардай құлпынай өсіреміз.
– Қазақстан үшін таңсықтау көрінетін лимон өсіру туралы ой қайдан келді? Цитрусты жерсіндіру технологиясы мен жалпы көшеттерді қай елден алдыңыздар?
– Жоғарыда айтып өткенімдей ата-анам кәсіпкер. 2017 жылы бір кәсіпке инвестиция құйып, сол арқылы ұзақ мерзімді жоба бастауды ойластыра бастадық. Осылайша Өзбекстан Республикасына барып, сол жақтағы жылыжайларды көріп нарықты зерттедік. Көршілердің жылыжайларында қыс кезінде лимон өсіп, жеміс беріп тұрғанын көрдік те, 2017 жылы көктемде тәуекелге бел буып бастап кеттік. Күзге қарай жылыжайды толық іске қостық. Елімізге арнайы суыққа төзімді 707 түп көшет алып келдік. Ордабасы ауданының жері құнарлы, ауа райы да қолайлы болды, көшеттер бірден өніп өсе бастады. Лимонның табиғатына сай ол бастапқы үш жыл бойы жеміс бермейді. Ал төртінші жылы жеміс бере бастайды. Тропикалық жеміс жылына екі рет гүлдейді. Бірінші сәуірде, кейін мамыр айында. Соның арқасында өнім бермей қалатын кез болмайды. Қараша-желтоқсан айларында жеміс бере бастайды.
– Бірінші жылы қанша келі өнім жинадыңыздар?
– Ол кезде 5 тонна өнім алдық. Оны Шымкент қаласының көтерме сауда алаңдарында саттық. Ал 2020 жылы – 15 тонна, 2021 жылы – 20 тонна, 2022 жылы – 25-30 тоннадай, биыл өнім жинауды қарашаның соңында бастадық. Ол желтоқсан айының соңына дейін жалғасады. Биылғы өнім жақсы болды. Бір жақсысы лимон басқа жемістер сияқты піскен кезде жерге үзіліп, түсіп қалмайды. Мысалы, алма, шабдалы жерге түсіп қалады. Ал лимонды кесіп, қолмен жинап алу керек. Сол жағы өте тиімді. Биыл ағаштар жемісті молынан беріп жатыр.
– Лимон өсіруің тағы қандай ерекше тұстары бар?
– Бір ыңғайлысы, бұл цитрус төмен температурада да өсе береді. Тек ауа температурасы 0 градус деңгейінен төмендегенде ғана жылыжайда пеш жағылады. Ал қияр мен қызанақ өсіру үшін +18-20 градус жылылық керек. Олар температура талғайды. Ал лимон цитрустық өсімдік болса да үсіп кетуге бейім емес. Әрине, оны да күтіп, баптау керек. Бірақ қияр, қызанақ, алмамен салыстырғанда сондай тиімді тұстары бар.
– Лимон орта есеппен қанша жыл өседі? Білуімізше лимонның өнімі жыл сайын көбейе береді
– Кітапта ол 70-80 жыл, кейбір деректерде 100 жылға дейін деп жазылған. 70 жыл деген екі-үш буын ұрпақ деген сөз. Яғни, менің әкем баптаған ағашты мен және менің балаларым, олардың балалары өсіреді. Сондықтан бұл отбасылық іс саналады. Яғни, атадан балаға қалатын кәсіп. Мәселен, алма ағашының өсу ұзақтығы 15-20 жыл. Сонымен қатар, лимон жыл өткен сайын молырақ өнім бере бастайды. Төрт-бес жылдан кейін өнімділік артады. Бір түп ағаш 100-140 келіге дейін өнім береді.
– Мемлекеттік қолдау алдыңыздар ма? Әлде жеке қаражат есебінен жүргізіп келесіздер ме?
– Біздің елімізде лимонға субсидия бөлінбейді. Себебі лимон Қазақстанда өспейді деп есептеледі. Ешқандай қолдау алған жоқпыз. Әкімдіктің адамдарын осындай сұхбаттар, көрмелер кезінде ғана көреміз. Ал мәселе туып, көмек сұрап барсаң, оларды таба алмай қаласың. Бізде екі мәселе бар. Мәселен, жылыжайға электр энергиясы керек. Оның қысымы жетпей жатады. Бұл мәселемен жүгініп көрді, көмек ала алмадық. Екінші мәселе – жылыжайды жылытатын қазандық бар. Ол 1-1,5 метр жердің астында орналасқан. Оның құны 8 мың доллардан асады. Біздің шаруашылықтың жанынан өзен арнасы өтеді. Содан келген су қазандыққа жағымсыз әсер етеді. Екі жылдан бері жергілікті билік өкілдері осы мәселені шеше алмай отыр.
– Сіздің сөзіңіз өңірдегі лауазымды тұлғалардың құлағына жетіп, толғандырған мәселе шешілер деп үміттенеміз. Кәсіпті бастағанда жасыңыз бар болғаны 17-де болған. Болашағыңызды да осы іспен байланыстырасыз ба?
– 2020 жылы Қазақ-түрік лицейін аяқтадым. ҰБТ-дан 102 балл жинадым. Менде медицина сияқты мықты факультетке оқуға түсетін мүмкіндік болды. Көптеген сыныптастарым басқа қалаларға, шетелдерге оқуға түсті. Әрине, маған да басқа қалаға, мықты университетке оқуға түсуге болар еді. Бірақ басқа қалада жүрсем, алған білімімді тәжірибе жүзінде қолдана алмас едім. Сондықтан Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Аграрлық» факультетіне оқуға түстім. ҰБТ тапсырғанға дейін осы саланы жан-жақты зерттедім, оның болашағы зор екенін түсіндім. Менің бала күнгі арманым да кәсіпкер болу еді. Агрономияның қызық тұстары өте көп. Лимонға суды көп құюға болмайды, аз құюға да болмайды. Үш жылдың ішінде мұның бәрін біліп, таныдым. Қазір бизнес-жоба әзірлеп, конкурстарға қатысудамын. Оның нәтижесі бойынша лимон бизнесіне инвестиция құюға дайын инвестор пайда болады деп сенемін.
– Кәсіп ашқысы келіп, өз ісін таба алмай жүрген адамдарға қандай кеңес бересіз?
Тұрақты бір іспен бірнеше жыл айналысыңыз, одан нәтиже шығады. Бастысы ол өзіңізге ұнауы керек, қабілетіңнің де болуы маңызды. Бірінші, екінші жыл нәтиже болмауы мүмкін. Бірақ үшінші жыл жемісін көресіз. Кәсіп бастау үшін міндетті түрде 1-2 гектар жер болуы шарт емес. 50 сотық жерден-ақ өнім алуға болады. Бастысы тиянақтылық керек. Осы тұста Усейн Болттың сөзін айтқым келеді. «Адамдар бір, екі айда нәтижеге қол жеткізбесе менің салам емес деп тастап кетеді. Ал мен 9 секундтық нәтиже үшін 4 жыл еңбек еттім ғой», – дейді. Біз лимон жеміс бергенше үш жыл күттік. Сол үш жыл бойы оның күтіміне, оны баптауға, дәрісіне, суына қанша шығын шығардық. Үш жыл күтпей қияр егіп 45 күнде, қызанақ егіп 90 күнде өнім алуға болар еді. Бірақ ол ұрпақтан-ұрпаққа қалатын кәсіп емес.
– Біздің өнімдердің шетелден әкелінетін цитрустардан айырмашылығы бар ма?
– Біздің өнімдеріміз – сырттан әкелінген лимондарға қарағанда табиғи таза. Біз тек органикалық тыңайтқыштарды пайдаланамыз. Отандық жемістерді өте ұзақ уақыт сақтауға болады, адам ағзасына пайдасы ұшан-теңіз. Себебі химиялық тыңайтқыштарды аз қолданамыз. Сондай-ақ, лимон стресске төзімді өсімдік. Қияр мен қызанақ ауа температурасы 15-ке түссе солып қалады. Оны қалпына келтіру үшін дәрі беру керек. Ол адам ағзасына кері әсерін тигізеді. Ал лимон ол жағынан төзімді. Тіпті олар гүлдеу үшін тозаңдану процесіне арнайы ара ұстаймыз. Сол аралардан кейін бал аламыз.