Мемлекет басшысының атына Тәуелсіздік күніне орай құттықтау жеделхаттары келіп түсті

Жарияланды
поздравления
Фото: shutterstock

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау жеделхаттары келіп түсті.

Қазақстандықтарды мерекемен кімдер құттықтады. Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, БАӘ, Индонезия, Хорватия және басқа да мемлекеттердің президенттері Қазақстанның Тәуелсіздік күніне орай құттықтауларын жолдады.

«Тәуелсіздік жылдарында достас Қазақстан Республикасы түрлі салада ауқымды өзгерістер мен түбегейлі реформалар жүргізгенін, Сіздің еліңіздің халықаралық аренадағы абыройы мен беделі артып келе жатқанын атап өткім келеді»-деді Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев.

«Әрбір қазақстандық үшін тең мүмкіндіктерге жол ашатын Жаңа және Әділетті Қазақстанды құру жөніндегі маңызды жоспарды жүзеге асыру жолында атқарып жатқан ауқымды жұмысыңыз қоғам тарапынан жоғары бағаланатынына және тарихта өз орнын алатынына сенімдімін», – делінген  Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров жолдаған жеделхатта.

«Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан Республикасы қоғам өмірінің барлық саласында мол табысқа қол жеткізіп, халықаралық аренада жоғары беделге ие болды және бүгінде прогресс пен өркендеу жолында алға қарай сенімді түрде қадам басып келеді», – деді Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай құттықтау жеделхаттарын БАӘ Президенті Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян, БАӘ Вице-президенті, Премьер-министрі, Дубай Әмірлігінің Билеушісі Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум, Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбделазиз Әл Сауд және Сауд Арабиясы Корольдігінің Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Сауд, Индонезия Президенті Джоко Видодо, Хорватия Президенті Зоран Миланович, Парагвай Президенті Сантьяго Пенья, Гана Президенті Нана Аддо Данква Акуфо-Аддо, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхаммедов, ГФР-дың бұрынғы Федералды Президенті Хорст Кёлер, ГФР-дың бұрынғы Федералды Канцлері Герхард Шрёдер, ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев және басқалар жолдады.

Айта кетейік, Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз: Тоқаев Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

Сондай-ақ оқыңыз