Ресей президенті Владимир Путиннің Украинаға қарсы соғысы салдарынан әлемдегі ең ірі ғарыш айлағындағы жағдай мәз емес. Бұл туралы Bloomberg басылымы жазды.
«Ресейдің Қазақстан территориясындағы Байқоңыр ғарыш айлағын басқаратыны әлемге аян. Қырғи қабақ соғыс аяқталғаннан кейін екі ел үкіметі Байқоңырды «Союз-5» ғарыш бағдарламасының орталығы етуге уағдаласты. «Ресей осылайша Илон Масктың SpaceX-іне бәсекелес болуды мақсат етті» деп жазады басылым.
Дегенмен Ресейдің елде жаңа ғарыш дәуірін бастауға деген бұл құлшынысының іске аспай қалу ықтималы жоғары. Путиннің Украинаға басып кіруі мен шет мемлекеттердің санкциялары тұтынушылардың азаюына, сәйкесінше зымыран ұшырудың сиреуіне алып келді. Бас тартқандар қатарында ұлттық ғарыш агенттіктерінен бастап Eutelsat OneWeb сынды ресейлік зымырандар арқылы өз технологияларын орбитаға шығаруды жоспарлаған коммерциялық мекемелер де бар.
Қазақстан мен Ресей арасындағы күрделеніп жатқан мәселе де ғарыш саласын айналып өтпеді. Басылым «Қазақстан әуелгі серіктесімен тығыз байланысын үзбесе де, басқа мемлекеттермен қатынас құрудан қолы босамай жатыр. Орталық Азия мемлекеті экономика мен саяси байланысын әртараптандыру мақсатында Еуропа Одағына мүше елдермен серіктестікті жақсартуға тырысып бағуда» деп жазады.
Bloomberg Аустралия ұлттық университетіндегі Араб-ислам зерттеу орталығының доценті Кирилл Нұржановтан осы стратегияға қатысты пікірін сұрапты. Сарапшы «Дәл қазіргі жағдайда Қазақстан Ресейдің ресми бағдарламаларына, соның ішінде ғарыш бағдарламасына да ортақтаспауға тырысады» деген ойын айтты.
«Роскосмос» Ресей ғарыш агенттігі Қазақстанмен серіктестікке қатысты жолданған сауалға жауап қатпапты. Ал өткен айда «ТАСС» ақпарат агенттігіне «Роскосмос» басшысы Юрий Борисов «Ресей ғарышының ғарышты дамытудың барлық саласына да таласы бар» деп мәлімдеді. Оған қоса олармен бірге жұмыс істеуге ниетті елдер саны біршама екенін де айтқан.
Ресейдің Қазақстанға қатысты уайымын күшейткен – «Союз-5» зымыраны. Зымыранды ғарыш экономикасының жаңа табысты сегменті – жерге жақын орбитаға жіберу жоспарланған еді. «Союз-5» Байқоңырдың жаңа бөлігі ретінде салынып жатқан «Бәйтерек» ғарыш айлағынан ұшырылады деген болжам бар. Жаңа айлақтың құрылысына 90,8 млрд теңге жұмсалмақ. Алайда жаңа зымыран жоспарланған ұшыру кестесінен бірнеше жылға кешігіп жатыр. Bloomberg оны Путиннің 2014 жылғы Қырым аннексиясымен, соның салдарынан салынған санкциялармен, 2022 жылғы ақпанда басталған Украинаға басып кірумен байланыстырады.
Наурыз айында Қазақстан ресейлік компания қоршаған ортаға тигізген зарарын бағалау келесімін орындамағаны үшін нысанның бір бөлігін тәркіледі. Жергілікті сот «Роскосмосқа» қарасты «ЦЭНКИ» ЖШС 13,7 млрд теңге төлеуге міндетті деген үкім шығарған болатын. Қазақстанның Цифрлы даму, инновациялар мен аэроғарыш өндірісі министрлігі қос тараптың бейбіт келісімге келу үшін келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлады. Сонымен қатар «Союз-5» ұшырылады деп жоспарлаған «Бәйтерек» құрылысы жалғасқаны мәлім болды.
«Союз-5» Ресей үшін маңызды. Өйткені ол болмаса батыс пен азиялық бақталастарынан артта қалып қою қаупі жоғары. Ал аталған елдер болса, ғарыш саласындағы қуатын арттыруға бар күшін салып жатыр. Тіпті зымыран дайын болған жағдайда да мәселе шешіле қоймас, өйткені коммерциялық спутник операторларының көбі ресейлік спутниктерді қолдануды тоқтатқан.
Тафт университеті Флетчер құқық пен дипломатия мектебінің шақыртылған ғылыми қызметкері Павел Лузин «Жобадағы басты мәселе – тұтынушылардың болмауында. Шын мәнінде, қазір әлемде бұл зымыранға тапсырыс берушілер жоқ» дейді.
Мәскеудің 60 жыл бұрын ғарышқа алғаш рет адам жіберген нысанды модернизациялауға қатысты жоспарына ақша кедергі болып тұр. 2021 жылы Ресей Біріккен Араб Әмірліктерімен ғарыш айлағының бөлігін реконструкциялауға инвестиция іздеу бойынша келісімге келуге тырысқан-ды, алайда келісім іске аспады. БАӘ Ғарыш агенттігінің бас директорының орынбасары Ибраһим Хамза әл Касим «Модернизациялауға қатысты қиындықтар мен шығын біз ойлағаннан да көп болып шықты» деп, әрі қарай жалғастыру жоспары жоғын хабарлады.
Бұдан кейін Ресей қолдауды жақыннан іздеуге шешім қабылдады. Зымырандарды солтүстік-батыстағы Қытаймен шекараға жақын орналасқан жаңа Шығыс айлағынан ұшыруға тырысты. Негізінде бұл «Ангара» деп аталатын зымырандар ұшыратын база болады деп жоспарланған еді. Өкінішке қарай ғарыш айлағы да, зымыран жобалары да жоспардан қалып келе жатыр. Польша Әуе күштері университетінің аға оқытушысы Павел Бернат «Ресей әуелі “Ангара» мен «Шығыс айлақты» дайындауға басымдық берген еді. Дегенмен кешіккеннен кейін «Байқоңыр» мен Қазақстанға қатысты пікірін өзгерткендей бола қойды” дейді.
Қазір де Ресей мен Қазақстан серіктес. Екі ел президенттері Путиннің қарашадағы Қазақстан сапарынан кейін ғарыш саласындағы әріптестікті жалғастыратынына уағдаласты. Ресей Қазақстандағы ғарышқа қатысты жұмыстарын арттыру ниетін білдіріп, 6,7 млрд АҚШ доллары көлемінде қаражат бөлетінін айтты. Бұл 2030 жылға дейін аяқталатын жеке орбита стансасының құрылысына жұмсалмақ.
Ал «Байқоңырда» жағдай өзгере қоймаған. Ресейдің ескі үлгідегі зымыраны 1 желтоқсанда Халықаралық ғарыш стансасына жүк жеткізу үшін ұшырылды. Дегенмен Қазақстан билігін күшейтіп, әуелгі серіктесінің шеңберінен шығуға дайын екенін білдірді. «Қазақстан ТМД, Түркі мемлекеттері ұйымы, БҰҰ мен басқа да халықаралық ұйымдар шеңберінде, Орталық Азия аймағында ғарыш саласындағы серіктестікті кеңейту мақсатында жұмыс істеп жатыр» делінген Аэроғарыш өндірісі министрлігі хабарламасында.
Қазақстан Мәскеуден бөлек те сәтті жобаларын жүргізіп жатыр. Шалғайдағы елді мекендерді интернетпен қамтамасыз ету үшін Илон Масктың Starlink құрылғысын қолдануға көшті. 2022 жылы Түркияның Қорғаныс өндірісі агенттігімен спутник жасау бойынша меморандумға қол қойды. Жаңа серіктестер іздеу, «Роскосмос» тап болған мәселені ескерсек, Қазақстан үшін жақсы болуы керек. «Ресей ғарыш секторы әлсіреп, әлемдегі орнын жоғалтып жатыр. Ғарыш технологияларын дамытуға ақша жетпейді. Ресей инновациялармен айналысуды әуелде доғарған», – дейді Бернат.
Қазақстанның келесі ғарышкері ғарышқа қашан ұшады?Қазақ ғарышкері ресейлік әріптестерімен бірге ғарышқа ұшуы мүмкін. Алайда қай жылы, қай күні екені белгісіз.