Әуе кеңістігін бұзған әуе кемелерінің қатары пилотсыз әуе кемелері де кіргізіледі. Тиісті қаулы «Ашық НҚА» порталына талқылауға шығарылды.
«Осы Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін бұзушы әуе кемелеріне қару мен жауынгерлік техниканы қолдану қағидалары бейбіт уақытта Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне, оның аумағындағы адамдардың өмiрi мен қауiпсiздiгiне, оның стратегиялық және қорғаныс объектiсіне қатер төнген жағдайда Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін бұзушы әуе кемелеріне қару мен жауынгерлік техниканы қолдану, оны қолданғаннан кейін шаралар қабылдау тәртібін реттейді»,- делінген құжатта.
«Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін бұзушы әуе кемелеріне қару мен жауынгерлік техниканы қолдану қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 22 ақпандағы № 73 қаулысына сәйкес, әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзатын ұшақ пен тікұшақ, сондай-ақ пилотсыз әуе кемесі, қашықтан басқарылатын және басқарылмайтын зымыран, аэростат, әуе шары, зонд және басқа да ұшу аппараты жатады.
Қарулы Күштер мұндай бұзушы әуе кемесіне қаруды, жауынгерлік техниканы және техникалық құралдарды жергілікті жерде тыйым салу белгісімен немесе қоршаумен белгіленген шекара шегінде қорғаныс объектісі, әскери бөлім аумағы үстінде, қару-жарақ пен әскери техниканы күзету кезінде, сондай-ақ күзету іс-шараларына қатысу кезінде немесе күзетілетін объект аумағы үстінде жауынгерлік кезекшілік атқарған кезде қолданады.
Ал Ұлттық қауіпсіздік органы бұзушы әуе кемесіне қару мен жауынгерлік техниканы қолжетімді аймақтағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өтуді тоқтату бойынша шаралар қабылдау үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын, жергілікті жерде тыйым салу белгісімен немесе қоршаумен белгіленген шекара шегінде қорғаныс объектісін, әскери бөлімді, қару-жарақ пен әскери техниканы күзету кезінде, сондай-ақ күзету іс-шараларына қатысу кезінде немесе күзетілетін объект аумағы үстінде қолданады.
Ішкі істер органы қару мен жауынгерлік техниканы пилотсыз әуе кемесіне немесе экипажсыз және жолаушыларсыз қашықтан басқарылатын және басқарылмайтын өзге де ұшу аппаратына жергілікті жерде тыйым салу белгісімен немесе қоршаумен белгіленген шекара шегінде қорғаныс объектісі, әскери бөлім аумағы үстінде, қару-жарақ пен әскери техниканы күзету кезінде, мемлекеттік күзетілуге жататын объект аумағы үстінде, сондай-ақ күзету іс-шараларына қатысу кезінде немесе күзетілетін объект аумағы үстінде қолданса, Мемлекеттік күзет қызметі қару мен жауынгерлік техниканы пилотсыз әуе кемесіне немесе экипажсыз және жолаушыларсыз қашықтан басқарылатын және басқарылмайтын өзге де ұшу аппаратына күзету іс-шараларын жүргізу аймағында немесе күзетілетін объект аумағы үстінде қолданады.
«Заңның 27-бабы 1-тармағының 1), 3), 4), 6) 7) тармақшаларында көзделген жағдайда қару мен жауынгерлік техника Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне, оның аумағындағы адамдардың өмірі мен қауіпсіздігіне, оның стратегиялық және қорғаныс объектісіне қатер төндірген кезде пилотсыз әуе кемесін немесе экипажсыз және жолаушыларсыз өзге де қашықтан (автоматты түрде) басқарылатын және басқарылмайтын әуе кемесін, ұшу аппаратын (құралын) зақымдауға ескертусіз қолданылады»,- делінген құжатта.
Ал бұзушы әуе кемесін зақымдауға қару мен жауынгерлік техниканы қолдану туралы шешімді Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы және Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі уәкілеттік берген лауазымды адамдар қабылдайды.
Сонымен бірге құжатта бұзушы әуе кемесінде әуе кеңістігін пайдалану тәртібінің бұзылуына қатысы жоқ жолаушылар және өзге де адамдар бар екені туралы нақты ақпарат болған кезде Қарулы Күштер және ұлттық қауіпсіздік органы ұшып жүрген азаматтық әуе кемесіне қарсы қару мен жауынгерлік техниканы қолданудан тартынатыны жазылған.
Егер әуе кемесін терроризм актісін жасау үшін пайдалану, сондай-ақ әуе кемесін басып алу туралы анық ақпарат бар болса, адамдардың қаза табуының не техногендік апаттың туындауының нақты қаупін төндірсе, Қарулы Күштер көрсетілген әуе кемесін жойып жіберу арқылы оның ұшуының жолын кесу үшін қару мен жауынгерлік техниканы қолдана алады.