Беларусь арқылы мұнай өткізу құны өсетін болса, Қазақстан 2,64 млн доллар шығын шегеді

Жарияланды
Фото: pixabay.com

Қазақстан Беларусь аумағы арқылы мұнай тасымалы тарифінің көтерілуімен келіспейді, сондықтан Қазақстанның Энергетика министрлігі осы мәселеге қатысты келіссөздер жүргізбек.

«Қазақстан тарапы Беларусь Республикасының аумағы арқылы мұнай тасымалдау тарифін (43%-ға) көтеру туралы ұсыныспен келіспейді. Бұл мәселе бойынша Беларусь Республикасының Экономика министрлігі және «Белнефтехим» концернімен тиісті келіссөздер жүргізу қажет деп санайды», – деп жазылған ҚР Энергетика министрлігінің «Интерфакс-Қазақстан» агенттігіне берген жауабында.  

Шығын көлемі 2,64 млн долларды құрауы мүмкін

Министрлік өткен жылдың соңында қазақстандық тарап, «Дружба» құбыр желісі арқылы жылына 1,2 млн тоннаға дейін қазақстандық мұнайды «Транснефть» ЖАҚ жүйесі бойынша Германиядағы «Шведт» мұнай өңдеу зауыты бағытында тасымалдау туралы келісімге қол жеткізілгенін еске салды.

Қазақстан мұнайын «Дружба» желісі арқылы Германияға тасымалдау Ресей Федерациясы, Беларусь Республикасы және Польша аумағы арқылы жүзеге асырылады.

Қазақстан/Ресей Федерациясы шекарасынан Адамова зауытына дейінгі тариф 1 583,706 рубль/тоннаны ($17,66/тонна) құрайды. Яғни Ресей Федерациясының аумағында – 1 127,766 рубль/тонна; Беларусь аумағында – 455,94 рубль/тонна.

Министрлік Беларусь арқылы мұнй өткізу құны 43,4%-ға өсетін болса, бұл бағыт бойынша 1,2 млн тонна қазақстандық мұнайды тасымалдау кезінде еліміздің шығыны шамамен 2,64 млн долларды құрауы мүмкін екенін атап өтті.

Бұған қатысты Ресей тарапы да пікір білдірді

2024 жылы аталған құбыр арқылы 14,2 миллион тонна шикізат экспортталады деп күтілуде.

«Беларусьтің құбыр жүйесін ұстауға жұмсалатын шығындары 6,6 млрд рубльді, инвестициялық шығындар – 3,1 миллиард рубльді құрайды», – деп хабарлады РБК басылымы.

Бұл ретте «Транснефть» өкілі Игорь Демин ресейлік тарап «Дружбаның» оңтүстік бөлігіне бойынша тариф мәселесін талқылауға дайын екенін мәлімдеді.

«Бірақ біздің әріптестер Қазақстанның мұнайы Германияға транзитпен айдалатын солтүстік тармақтағы тарифтерді көтеру туралы келісімге қол жеткізгісі келеді. Алайда бұл біздің құзырымызға кірмейді. Сонымен қатар солтүстік тармақта экспорт бойынша айтарлықтай өсім күтіліп отыр», – деді ресейлік тарап.

«Транснефть» өкілі Қазақстан 2024 жылы «Дружба» мұнай құбыры арқылы Германияға 1,2 миллион тонна мұнай жеткізу туралы жоспарын меңзеп отыр. Бұл туралы «ҚазТрансОйл» бас директорының орынбасары Әміржан Оспанов KASE-де өткен брифингте мәлімдеген еді.

Беларусь мұнай тасымалдау жүйесінің операторы хат жолдаған

Бұған дейін «Коммерсант» Беларусь өз аумағы арқылы Еуропаға мұнай тасымалдау тарифтерін индекстеудің жаңа нұсқасын ұсынғанын хабарлады.

Басылымның жазуынша, «Дружба» мұнай құбырының қазақ мұнайын тасымалдайтын солтүстік тармағы үшін Минск тарифті 43%-ға көтермек. Ал Ресейден Еуропаға мұнай жеткізетін оңтүстік тармағына тарифті 14,5%-ға көтеруді ұсынып отыр.

«17 қарашада «Гомельтранснефть Дружба» «Транснефтьке» 2024 жылдың 1 ақпанынан өз аумағы арқылы өтетін мұнай транзиті тарифін көтеру туралы ұсынысын жолдаған. Жоспарға сәйкес, Унеча-Адамовоның солтүстік бағыты бойынша (Беларусь арқылы Германияға өтетін) мұнай айдау құны 43,4% қымбаттап, тоннасына 653,8 рубльге дейін жетуі мүмкін. Ал Юнеча-Бродының оңтүстік тармағында (мұнай Беларусь және Украина арқылы Венгрияға, Словакияға және Чехияға жөнелтіледі) – 14,5% қосып тоннасына 195,8 рубльге дейін қымбаттауы мүмкін», – деп хабарлады «Коммерсант».

Беларусь тарапы мұны «мұнай тасымалы шығынын жабу үшін тарифті көтеру қажет» деп түсіндірген.

Айта кететіні, Ресейге санкция салынуына байланысты Польша мен Германия ресейлік мұнайды қабылдаудан бас тартты. Қазіргі кезде «Дружба» құбырының солтүстік тармағымен Еуропаға тек Қазақстанның «қара алтыны» тасымалдануда. Болашақта экспорт көлемін арттыру көзделген.

Транзит тарифін қымбаттату туралы Беларусь Республикасы алғаш рет сөз қозғап отырған жоқ. 2023 жылдың мамырында да осыған ұқсас ұсыныс айтылған.

Бұған дейін, Беларусь өз аумағы арқылы Еуропаға жеткізілетін мұнай тарифін көтеруге ниетті екенін жазған болатынбыз. Еуропаға тек Қазақстан мұнайын тасымалдап жатқан «Дружба» магистральдық мұнай құбырының тарифтері көтерілуі мүмкін. Транзит тарифін қымбаттату жайы биыл мамырда да қозғалған. Сол кезде Беларусь тарифті бірден 84 пайызға қымбаттатуды ұсынған. Германияға «Адамова застава» мұнай тапсыру пунктінің бағыты бойынша «Транснефть» ЖАҚ магистральдық мұнай құбырлары жүйесі бойынша қазақстандық мұнайды тасымалдау көлемі жоспарланған 100 мың тоннадан 154 мың тоннаға дейін ұлғаятыны хабарланған.

Сондай-ақ оқыңыз